«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Қостанай облысының тұрғындарымен кездесті

04.04.2019

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмыс тобының Қостанай облысына жұмыс сапары басталды. Қазіргі уақытта вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет өкілдері халықпен кездесу өткізіп, әлеуметтік саясаттың жаңа бағыттары туралы айтты. Тілшіміз Ербол Мәндібек баяндайды.

Ербол Мәндібек, тілші:

- Бүгінде барлық облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға айрықша назар аударылуда. Осынау игі іске билікпен берге бизнес қауымдастығы тда белсенді атсалысуда. Әлеуметтік жауапкершілікті сезінген ауқатты азаматтар тұрмысы төмен адамдарға көмек қолын созып жатыр. Мәселен, қостанайлық меценаттар «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларға пәтер алып беруде. Айта кетейін, аталмыш бағдарлама республиканың барлық өңірінде жүзеге асуда. «Бақытты отбасы» аясында Қостанай облысында жыл басынан бері 1000-нан астам отбасыға көмек көрсетілген.

Қарапайым азаматтарға көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын арттыруға да ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта Үкімет өкілдері өңірдегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарын да аралап шықты. Қостанай ауданындағы орталыққа орташа есеппен күніне 600-ге жуық адам келеді екен. Жоғары билік өкілдері мемлекеттік қызметтің мерзімді әрі сапалы болуын ескертті. Осыдан соң Жұмыспен қамту орталығында болды. Бұл орталық та заманауи техникамен жабдықталған, электронды қызмет тұрақты жұмыс істеп тұр.

«Әлеуметтік қамқорлық» шаралары негізінен үш бағытты қамтитыны мәлім. Біріншісі - күн көрісі төмен халықтың табысын арттыру, еңбекке араласуына, кәсіп ашуына қолдау көрсету. Екіншісі - еңбекақысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу. Үшіншісі - өңірлерді кешенді дамыту, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру. Қостанай облысының халқымен кездесу кезінде аталған үш бағыттың әрбір тармағы жан-жақты түсіндірілуде. Азаматтардың көпшілігі атаулы әлеуметтік көмек пен баспана және кәсіпкерлік негіздері туралы сұрақтар қойып, жауап алуда. 

Хабарламаларға жазылу