1 мамырдан бастап баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларға пәтер беріле бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 мамырдан бастап баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларға пәтер беріле бастайды

19.03.2019

Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді. Үкімет басшысы жариялаған мәліметтер бойынша, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары аясында биыл 13,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл шамамен 118 мың адамды баспанамен қамтамасыз етеді. Ал, алдағы 5 жылдың ішінде жыл сайын 6 мыңға жуық көпбалалы отбасы үйлі болады.

Үкіметте айтылған жағымды жаңалық – бір айдан соң бала-шағасымен бөтеннің босағасында қысылып-қымтырылып тұрып жатқан 1500-дей көпбалалы отбасына баспана беріледі. Игі іс алдымен өңірлерден басталады. Себебі елімізде 28 мың көпбалалы отбасы тізімде тұрса, оның дені – ауыл-аймақта.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Мемлекет басшысының «Nur Otan» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру үшін 2019 жылға бюджетті айқындау аясында көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жалпы аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған.

Бұл қыруар қаржы жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасыны үйлі-күйлі етсе, 7 жылда 40 мыңнан аспақ. Көпбалалы отбасылар тезірек қоныс тойын тойлау үшін дайын пәтерлер сатып алынады. Ол үшін қазынадан 25 млрд теңге қарастырылған.

Бақытжан Қашақов, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті төрағасының орынбасары:

- Алынатын пәтерлер кемінде үш бөлмелі болады. Соған байланысты біз қазір бүкіл әкімдіктермен жобаларды жинақтап жатырмыз.

Ал, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы көпбалалы отбасыларға 2% жеңілдетілген несие беру жүйесі енгізіледі. Жыл сайын 6 мың несие берілмек. Сонымен қатар, әкімдіктер тарапынан 2 мың пәтер сатып алынады. Сөйтіп, 25 жылда 56 мың көпбалалы отбасы несиеге қол жеткізеді.

Алайда, кей өңірлерде тұрғын үй және ипотекалық бағдарламалар шала-жансар күйде. Осы ретте Үкімет басшысы Павлодар мен Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің жұмысын сынға алды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі

- Болат Жұмабекұлы, орташа еңбекақы жоғары деңгейде және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары өте көп. Бірақ өңірде «7-20-25» бағдарламасы іске аспай тұр. Республика бойынша жалпы 6 мың өтініш мақұлданса, сіздерде ол небәрі 77 ғана, яғни бір пайыз. Алтай Сейдірұлы, облыс бойынша «7-20-25» бағдарламасы бойынша небәрі 181 жеңілдетілген кредит мақұлданған. Бұл - республикалық көрсеткіштің 3 пайызы ғана.

Кемшіліктерін мойындаған атқамінерлер барлық тапсырманы тыңғылықты орындауға сөз берді. Сұраныс бар, үйлер салынады. Айтпақшы, биыл баспанаға мұқтаж тағы 118 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Сондай-ақ, жас мамандар үшін 3 жылда 3 мың пәтердің құрылысына 21,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Ал, әр қазақтың баспанасы болуы үшін тұрғын үй құрылысы одан әрі дами түспек.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу