Браконьерлерге жаза қатаңдатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Браконьерлерге жаза қатаңдатылады

14.02.2019

2014-2018 жылдардың аралығында браконьерлікке қатысты 539 қылмыстық іс қозғалып, 29 адам ғана сотталған. Жазадан оңай құтылып, ашкөздікпен айналысып жүрген қылмыскерлерге ешқандай тосқауыл жоқ. Тіпті айыппұл арқалап, бір айдан соң ескі әдетіне салатындар заңды керек қылмайды. Бүгін Мәжіліс депутаттары өзекті мәселені шешпесе, жағдай ушығып кетеді деп отыр.

Бұл - жан-жануарларды қорғаймын деп, ісіне адалдық танытатын инспекторлар мінетін көлік. Ал, бұл біздің браконьерлер мінетін темір тұлпар. Мынау инспекторлардың су көлігі, мынау браконьерлердікі. Өздеріңіз көріп тұрғандай заманауи жабдықталған.

Жалақылары да 70-80 мың теңге. Елімізде 222 инспектор бар. Қазақстан бойынша «Охотзоопром» қорғайтын аумақ - 123 миллион гектар жер. Өзіңіз есептей беріңіз. Тағы 180 адам қажет. Қару қолданғаны үшін өздері сотталып кетіп жатқан фактілер жоқ емес. Ал, біздің құқық қорғау органдары браконьерлерді тоқтатудың орнына олардың сойылын соғып жүр. Ол былай тұрсын. «Құқық қорғау инспекторларының өздері де браконьерлікпен айналысып жүр», - дейді мамандар.

Ерзат Әлзақов, «Охотзоопром» РМК бас директоры:

- Алматы облысында қарақұйрықты атқан 3 азаматты ұстадық. Оларды полицейлерге бердік. Өзі мойындап отыр деп, жазаға тартты. Бұл мәселені сотта айтпақшы болып едік, бізді сотқа шақырмады.

Бәріне топырақ шашпаймыз, бірақ фактілер бар. Мысалы, кеше Ұлытау ауданында 30 ақбөкен атылған. Соның 12-сінің мүйізі Ұлытау ауданының учаскелік инспекторының үйінен табылыпты. Ішкі істер министрлігінің бұған айтар уәжі бар.

Айбек Өскенбаев, ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы:

- Инспекторлардың өздері браконьер болып шығады. Ондай факт болған. Жұмыс жоқтықтан, браконьерлікке баратын шығар.

Мәжіліс депутаттары Үкіметке, Бас прокуратураға ұсыныс әзірледі. Браконьерлерге айыппұл, шартты түрде жаза болмауы тиіс. Тек бас бостандығынан айыру. Олардың дүние-мүлкін тәркілеу. Арнайы мәліметтер базасы жасақталады. Инспекторлар түнгі уақытта жұмыс істегені үшін төлем жасау қарастырылуда. Сонымен қатар браконьер ұсталса, ол келтірген шығынның 30 пайызы сыйақы ретінде инспекторға беріледі. Мұндай тәжірибе Өзбекстанда бар.

«Бұл мәселе - бір ғана емес, барлық министрлік бірлесе шешетін жұмыс», - дейді депутаттар.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу