Серік Сәпиев депутаттықтан кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Серік Сәпиев депутаттықтан кетті

30.01.2019

Бүгін Парламент Мәжілісі Олимпиада чемпионының мандатын қайтару туралы шешім қабылдады. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің сөзінше, Сәпиев өкілеттігін тоқтату туралы өтінішін өзі берген. Мәжілістегі әріптестері оған қарсылық білдірмей, бірауыздан дауыс берді. Өз кезегінде экс-депутат та ризашылығын білдірді.

Серік Сәпиев, Олимпиада чемпионы:

- Құрметті әріптестер, әрқайсыңызға ақыл-кеңестеріңіз бен қолдауларыңыз үшін рақмет айтамын. Бұл жерде мен біраз тәжірибе жинадым. Еліміздің өркендеуі жолында сіздермен тығыз жұмыс жасауды ары қарай жалғастыра береміз деп сенемін.

Лондон Олимпиадасының жеңімпазы депутаттық қызметіне 2017 жылдың 28 ақпанынан бастап кіріскен. Ол VI сайланған Парламент құрамының әлеуметтік-мәдени даму комитетінде жұмыс істеді.

Серік Сәпиев Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы аталған комитеттің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу