Қаражат Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдеріне арналған жаңа стратегиясы аясында аударылады. Келесі жылы қабылданатын жаңа құжатты талқылау үшін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстанның Сыртқы істер министрлері Брюссельде Еуропалық әріптестерімен бас қосты. Еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов құжатқа Қазақстан тарапынан бірқатар тың өзгерістер ұсынып, Еуроодақ өкілдерін елдегі саяси-экономикалық, мәдени бағдарламаларға белсене қатысуға шақырды.
Қазақстан - Орталық Азияның көшбасшысы әрі біріккен Еуропаның аймақтағы басты сауда серіктесі. Содан болар, үлкен жиынның алдында Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини Қайрат Әбідрахмановпен жеке кездесті. Екеуара әңгімеде Қазақ елімен арадағы байланысты одан сайын арттыру жайы сөз болды. Қос тараптың бірлігі 2015 жылы қол қойылған кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімшарт аясында беки түспек. Келісімді жақында Ұлыбритания мен Ирландия парламенттері бірауыздан мақұлдады. Одақтың тағы үш мүшесі ратификациялаған соң құжат күшіне енеді. Дәл осындай кеңейтілген келісімді бекітуден Орталық Азияның өзге мемлекеттері де үмітті.
Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның қарым-қатынасы келесі жылдан бастап жаңа стратегия аясында өрбімек. Құжат қабылданбастан бұрын аймақтың Сыртқы істер министрлері өз ұсыныстарын білдірді. Қайрат Әбдірахманов жаңа құжатта адам капиталын, жеке кәсіпкерлікті дамыту, заңның үстемдік етуін қамтамасыз ету мен сапалы мемлекеттік басқаруға ерекше басымдық берілуін тілге тиек етті. Әрі стратегияның тиімді жүзеге асырылуы үшін онлайн-портал құруға кеңес берді. Сондай-ақ, министр жиналған қауымға Президент Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын таныстырып, ортақ жобаларды бірігіп жүзеге асыруға шақырды.
Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Одақтағы әріптестерімізбен бірге мұрағаттарды цифрландыру мәселесін егжей-тегжейлі талқылайтын болады. Сонымен қатар, біздің мұражайларымызды цифрландыру, олардың фондтарын көтеру, археология саласындағы жұмыстарға еуропалық әріптестеріміздің қосатын үлесі болады. Өйткені, олар өздерінің әртүрлі инновациялық тәсілдерін өздерінің жұмыстарында пайдаланып жатыр.
Федерика Могерини, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
- Біз екіжақты, аймақтық, көпжақты қарым-қатынасты қарқынды дамытуға келістік. 124 млн. еуро аймақтағы 5 мемлекеттің тұрақты дамуына бөлінеді. Біз қаржыландыратын бағдарламалар жеке секторды дамыту, сауда және инвестиция, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі, заңның үстемдік ету, білім беру саясатын тиімді жүргізу салаларына бағытталмақ. Су ресурстарын басқару, шекара мәселесі, сауда процедураларын жеңілдету де өзекті. Яғни, біз аймақтағы барлық бастамаларды қолдап, өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.
Еуроодақ Орталық Азия елдерінің, әсіресе, Қазақстанның Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады. «Қашан да дос-жараннан көмекті аямайтын Қазақ елі қажет болса «Еуропалық Одақ - Еуразиялық экономикалық Одақ пен Қытай» серіктестігін арттыру үшін Астанада диалог алаңын ұсынуға әзір», - деді Қайрат Әбдірахманов. Отырыстың ресми бөлімінен соң тараптар «Орталық Азияның жастары» атты көрмені тамашалады. Қазақтың атын әлемге танытқан бүркітші қыз Айшолпанның ерлігінен, Димаш Құдайбергеннің шығармашылығынан еуропалықтар жақсы хабардар. Осындай талантты жастары бар Қазақ еліне Еуропалық Одақ өкілдері үлкен сенім артып отыр.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.