Ұлыбритания Астананың Еуразиялық қаржы хабы ретінде дамуына үлес қоспақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания Астананың Еуразиялық қаржы хабы ретінде дамуына үлес қоспақ

08.10.2018

Елбасы Жолдауында соңғы 20 жылда елге 300 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылғаны туралы айтылған. Бұл тұрғыда Ұлыбританияның алар орны ерекше. Тәуелсіздік жылдары Біріккен Корольдік Қазақстан экономикасына шамамен 13 миллиард доллар көлемінде қаржы құйды. Британиялық инвесторлар қызығушылықтарының шикізат секторымен ғана шектелмейтінін айтады. Енді олар жекешелендіру бағдарламасына және Астананың Еуразиялық қаржы хабы ретінде дамуына өз үлестерін қоспақ. Бұл туралы бүгін өткен Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысында сөз болды.

Айта өтейік, Ұлыбритания сауда айналымы бойынша Қазақстанның үздік 10 серіктесінің бірі. Қазір елімізде 400-ден астам британдық компания жұмыс істейді.

Джордж Холлингбери, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның сауда саясаты және халықаралық сауда жөніндегі министрі:

- Қазақстан мен Ұлыбритания білім, мұнай-газ, тау-кен, химия, машина жасау, металлургия және авиация сияқты көптеген салада ынтымақтастықты дамытуда. Бұл кездесу біздің әріптестігімізді нығайтуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуіне, сондай-ақ, Британияны бизнес үшін сенімді серіктес ретінде алға жылжытуға мүмкіндік береді.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу