Үкімет Президент тапсырмаларын пысықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет Президент тапсырмаларын пысықтады

13.02.2018

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кімдер және оларды зейнетақы мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қалай қатыстырамыз? Бұл мәселе 5 бес жылдан бері шешілмей келеді. Оны өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те айтты. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет жаңа заң жобасын жасақтамақ. Заңның негізгі нормалары туралы бүгін жаңа тағайындалған Еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтып берді. Жалпы, бүгінгі Үкімет отырысында Президент жүктеген өзге де тапсырмалар бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталды. Ол үшін Үкіметтің биылға арналған жұмыс жоспарына бірқатар өзгерістер енгізілмек.

Жаңа министр Мәдина Әбілқасымова қызметін өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесін айқындаудан бастамақ. Ол үшін биыл арнайы заң жобасын әзірлеп, оны қабылдатуға тырыспақ. Заңда  өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді тіркеу мен статистика жинау тетіктері жетілдіріледі. Сондай-ақ, еш еңбек етпейтін, бірақ, кәсібі бар азаматтарды салық органдарына тіркеу тәртібі жеңілдетілмек.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі:

 - Біз еш жерде жұмыс істемейтін, бірақ, кәсібі бар бір миллиондай адамды анықтадық. Олардың табысы 12 төменгі айлық көрсеткіштен немесе 339 мың теңгеден төмен болса, салық органдарына тіркелмеуіне болады. Ал, одан көп болса, тіркелуі керек. Тізім бойынша барлығын қайта қарап, өзін-өзі қамтығандарды зейнетақы мен медициналық сақтандыру жүйесіне қатыстыратын боламыз.

Күн тәртібіндегі тағы бір тақырып - Астананы газдандыру.  Бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан күрделі жоба.  Қазір «Сарыарқа» деп аталатын магистральды газ құбырының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мақұлданған.  Үкімет Еуразиялық қайта құру және даму банкімен қарыз алу туралы келісім жүргізуде. Тағы бір үлкен жоба төртінші мұнай өңдеу зауытын салу тапсырмасы. Зауыт салынатын болды, бірақ, қай өңірден екені әлі белгісіз.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

 - 4-ші мұнай өңдеу зауытын салуды қолға алу керек. Тиісті жұмыс тобы құрылатын болады. Ертең Премьер-Министр тиісті жиналыс өткізеді. Бұл мәселе туралы баяндайтын боламыз. 

Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігі Президент тапсырмасын орындау үшін төрт басым бағытты бекіткен. Оның ішінде мал шаруашылығы мен аграрлық оқу орындарын реформалау мәселесі де  бар. Мысалы, министрлікке қарасты 23 ғылыми зерттеу институтын біріктіру арқылы 12-ге дейін қысқартпақ.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бізге қарасты 3 аграрлық университет ендігіде ғылыми зерттеу университеттеріне айналады. Мысалы, Астанадағы агротехникалық университет цифрландыру технологияларына маманданады. Ал, Алматыдағы оқу орны кооперация мен сүт, суармалы егістік мәселесіне басымдық береді. Ал, Батыс Қазақстандағы университет мал шаруашылығын зерттейтін болады.

Аталған мәселелерді жүзеге асыру үшін Үкіметтің биылға арналған жұмыс жоспарына өзгеріс енгізіледі. Үкімет басшысы министрлерге аталған барлық мәселе Президенттің тікелей бақылауында екенін ескертті.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу