Президенттің тапсырмаларын Үкімет тиісті деңгейде орындамаған

24.01.2020

Президенттің тапсырмаларын Үкімет тиісті деңгейде орындамаған. Кемшіліктер жеткілікті. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысына төрағалық еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиын қорытындысында осылай деді. Асқар Мамин бастаған министрлер кабинетіне әзірге сөгіс жарияламай, керісінше кемшіліктерін түзетуге мүмкіндік беретінін айтты. Бұдан былай өз ісіне салғырт қараған министрлерді қажет болса, тағынан тайдырамыз деп қатаң ескертті.

Президент төрағалық еткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы 2,5 сағатқа созылды. Уақыттың жартысы министрлер мен әкімдердің есебін тыңдауға жұмсалды. Қалған кезеңде Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше бағытта тапсырмалар берді және ел арасында айтылып жүрген ең өзекті проблемаларға тоқталды. Енді соларды жіктеп жеткіземіз.

Үкіметтің есебінше, халықтың табысы 5,5 пайызға өскен. Басқаша айтсақ, 2 миллион 700 мың адамның айлығына ақша қосылған. Бірақ жалақының артынан іле-шала бағаның көтерілетін әдеті әлі қалмаған.

Халықтың табысын арттыру үшін, экономиканың барлық саласы бір деммен қозғалуы керек. Нарықты әділ бәсекемен дамыту — ең маңызды мәселе. Бірақ біздегі көрініс керісінше. Барлық салада монополизация күшейген. Осы тұста, «бәсекені күшейтпей – мемлекеттің экономикасы туралы ауыз ашпай-ақ қоюға болады»,- деді Президент.

Қазақстандық банктер үшін бизнесті емес, қарыз сұрап келген халықты қаржыландыру пайдалы болып тұрған сыңайлы. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары кәсіпкерлерге несие беру төмендеп, керісінше жеке тұлғаларға кредит беру көбейген. Банктерден ақша алып, онысын төлей алмай, үстемеақысын өсіріп алып, төлей алмай басы қатқан 1 миллион 200 мың адамға мемлекет есебінен жәрдем жасалғаны мәлім. Енді мұндай акцияға жол бермеу туралы тапсырма берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелеріне әрі әкімдерге «жалпақ шешейліктен тыйылып» әрбір түскен тиынды болашақ ұрпақ үшін жинау керектігін ескертті. Мұнайдың, газдың басқа да қазба байлықтың ақшасынан тыс, жекешелендіруге шыққан әрбір активтің ақшасын ешкімге қолды қылмай, Ұлттық қорға аударуды тапсырды. Сонымен қатар Ұлттық қорға балама болатын қосымша институттарды құруға рұқсат етілмейтінін айтты.

Сонымен қатар Президент әкім-қаралардың барлығын үнемді болуға шақырды. Қымбат көліктер, бағалы жиһаздар сатып алуға және форумдар өткізуге ұзақ мерзімді мараторий жариялауды ұсынды.

Биыл Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтілетіні мәлім. Әрқайсысына миллиондап емес, миллиардтап ақша қаралған. Осы ретте Президент аталған тойларды да үнемдеп өткізуге шақырды. Әдеттегідей шетелден шақырылатын әртістердің, аста-төк дастарқанның орнына, ағартушылық, танымдық, идеологиялық бағытта өткізуге тапсырма берді.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу