Моңғолия министрі: Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланыс жаңа деңгейге шығады деп үміттенемін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолия министрі: Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланыс жаңа деңгейге шығады деп үміттенемін

03.01.2018

«Қазақстан мен Моңғолия арасында бір кездері бәсеңсіп қалған байланыс қазіргі Президент Халтмагин Баттулга келгелі жаңа деңгейге шығады деп үміттенемін». Бұл - Моңғолияның Құрылыс және қала құрылысы министрі Бәделхан Қабдісіләмұлының пікірі. Қобда бетіндегі қазақтан шыққан 5-ші министр Қазақ-Моңғол қарым-қатынасының жаңа кезеңі енді басталады деп біледі. Қызметіне жуықта кіріскен министрмен әріптесім Ғабит Бөкенбай тілдесіп қайтқан еді.

Ұлан-батыр - әлемдегі ең суық астана. 1924 жылы осы шаһардың атын өзгерту туралы ұсынысты Тұрар Рысқұлов жасаған. Бұған дейін қала «Өргө», «Хүрэ» , кейінірек «Нийслэл Хүрэ» деп аталған. Моңғолдар Шыңғысханды меңзеп «Батыр Хот», яғни «Батырдың қаласы» деп атамақ болады. Алайда, Рысқұлов айтқанынан қайтпай, «Батыр» деген сөзге «Ұлан» сөзін жалғап, «Ұлан-батыр» деген атауды жөн көреді. Қазақшасы «Қызыл батыр» деп, өзі атын қойған Тұрар Рысқұлов сол қаланың құрылысы мен келбетіне қазақ баласы жауапты болады деп ойламаса керек.

Бәделхан Қабдісіләмұлы, Құрылыс және қала құрылысы министрі:

- Мысалы, 100 мыңнан астам адам біздің салада жұмыс істейді. 5 мыңнан астам үлкен компания бар. Құрылыс саласы дамыған деп көреміз. Қандай құрылысты да салатын мүмкіндік бар.

Моңғол елі жаңа президентке үлкен үміт артып отыр. Негізгі салмақ Халтмаагийн Баттулга жасақтаған министрлер кабинетіне түсері анық. Жаңа Үкіметтің басты міндеті - экономикалық қиындықтарды еңсеріп, халықтың тұрмысын тұрақты ету.

Бәделхан Қабдісіләмұлы, Құрылыс және қала құрылысы министрі:

- 2008 жылға дейін Қазақстан мен Моңғол арасындағы қатынас өте жақсы болған. Президенттер, Үкімет басшылары жиі-жиі араласып тұрған. Соңғы кезде тоқыраған жағдай бар. Бірақ, жақсарады деген үміттеміз. Жаңа президенттің қазаққа, жалпы, Қазақ еліне деген көзқарасы жақсы деп білеміз.

Биыл Қобда бетіне Қазақтың қоныстанғанына - 150 жыл. Тарихи датаны Моңғол Үкіметі кеңінен атап өтпек. Ел астанасы мен Қазақ көп қоныстанған Баян-Өлгей аймағында мерекелік шаралар жоспарланған.

Бәделхан Қабдісіләмұлы, Құрылыс және қала құрылысы министрі:

- Моңғолияға келген қазақтар өте бақытты. Жаманшылық, қиыншылық көрген жоқ. Қазақ ұлтына Моңғол үкіметі ерекше қарады. 1940 жылы дербес аймақ құрды. Қазақ-ураңқай аймағы. Өзіне бөлек аймақ құрып берді. Қазір еркін тіршілік етіп отыр.

Жер бетінде ағаш уықты, кигіз туырлықты көшпелі үш ұлт бар. Олар Қазақ, Моңғол және Қырғыз. Бәделхан Қабдісіләмұлының ойынша, біздің елдерді біріктіретін ортақ дүние көп. Арғы-бергі тарихы сабақтасып жатыр. Ал, жаңа ғасырдағы байланыс үзіліп көрген емес. «Ендігі міндет - сол байланысты баянды ете түсу», - дейді министр.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу