Жаһандық көші-қон процесін қайта ойластыру керек. Бұл туралы бүгін «Астана клубының» үшінші отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Бақылаусыз кетіп бара жатқан жаһандық көші-қон көп елді қазір алаңдатып отыр. Көші-қон процесі түбегейлі қайта ойластыруды талап етеді. Адамзат баласының бүкіл тарихында дәл мұндай теңсіздік байқалған емес. «Астана клубы» халықаралық сарапшылардың бас қосып, өзара пікір алмасатын ашық диалог алаңына айналып келеді. Қазақстандағы тұрақтылық және әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартқаны көпшілікке үлгі. Сол себепті, осындай келелі кеңестерді өткізуде Астананың таңдалуы бекер емес.
«Астана клубының» үшінші форумының тақырыбы - «Еуразия дамуының келешегі». Әлемде болып жатқан жағдайларға алаңдаушылық бар. Осы тұрғыда Елбасы өз баяндамасында бірнеше факторларды атап өтті. Мәселен, дамыған елдердегі халық саны 1 млрд. адам болса, ал, дамушы елдердің халық саны 6,5 млрд. адам. Соңғы 25 жылда халықаралық көші-қон саны 2 есеге ұлғайып, бүгінде 250 млн. адамға жетіп отыр. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, дамыған елдердегі көші-қон үлесі 5 пайыздан 10 пайызға дейін артқан.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Оның ішінде шамамен 66 миллионы босқындар және заңсыз көшіп-қонушылар. Адамдар негізінен кедейшілік пен соғыстан қауіптеніп, жаппай қоныс аударуға мәжбүр болады. Бұл әлеуметтік шиеленіске, қылмыстың артуына және жұмыссыздықтың күшеуіне әкеп соғады. Таяу Шығыс пен Африканың босқындар легі Еуропаны басып, әлеуметтік-саяси дағдарысты туындатты, ұлттық популистік және ашық ксенофобтық көңіл-күйді өршітті. Бұған қоса, Ливан, Иордания, Түркия сынды елдер босқындарды асырауға жалпы ішкі өнімінің 1,5-3 пайызын жұмсауға мәжбүр.
БҰҰ мінберінде Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем ХХІ ғасыр» манифестін жариялаған еді. Ондағы негізгі мазмұн - қарусыз әлем құру. Бастама жаһан жұртының жаппай қолдауына ие болғанымен, ресми тұрғыда қолдауда әлсіздік бар. Әсіресе, дамыған елдердің қару дайындауға жұмсайтын қаржысы жыл өткен сайын артып барады. Ресей, Қытай, АҚШ қорғаныс бюджетін еселей түсуде. Бұл бейбітшіліктің емес, үрейді күшейтудің белгісі. Өйткені, қару қуаты күшейген сайын жаппай бейбітшіліктің орнап жатқаны шамалы. Тіпті, терроризмді тежеу де мүмкін болмай тұр. «Лаңкестік әрекеттердің салмағын ескерсек, әлем үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында өмір сүруде», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір халықаралық терроризм етегін кеңге жайды. Жер шарының кез келген нүктесіне соққы берілуі әбден мүмкін. Үшінші мыңжылдықтың басынан бері терроризм мен одан қаза тапқандардың саны 10 есеге өсті. 2016 жылы 104 елде теракт болған. Бұл әлемнің жартысы деген сөз. Яғни, осыны географиялық тұрғыдан қарастырсақ, үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Терроризм дамушы елдермен қоса, дамыған елдерді де қоса шарпуда.
Сирия мәселесі бойынша да жағдай күрделі. Осы жерде әлемдік державалардың ұстаным мүдделері сәйкес келмесе де, «ИГИЛ»-ге қарсы күрес қатаң жүргізілуде. Бірақ, соққыға ұшыраған содырлар Еуразия құрлығының басқа аймақтарында бой көрсетулері мүмкін. Құрлықтың қауіпсіздікпен қатар, экономикалық жағдайы да мәз емес. АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясы күш ала бастады.
«Еуразия дамуының келешегі» тақырыбында «Астана клубының» үшінші отырысына қатысып, салмақты ойларымен бөлісетін саясаткерлер осал емес. Форумның жұмысына Түркияның экс-президенті Абдолла Гүл, Чехияның экс-президенті Вацлав Клаус, Словенияның экс-президенті Данило Тюрк, сондай-ақ, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысуда. Форум жұмысы бүгін-ертең панельдік сессиялармен жалғасады.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ