Қазақстан – егемен мемлекет бола алатынын мойындатқан ел

17.12.2014
Қазақстан – егемен мемлекет бола алатынын мойындатқан ел

Ел болып, тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға да 23 жылдың жүзі болып отыр. Тарих үшін соншалықты зор кезең болмағанымен, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды.

Қазақстан – экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық, өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымын паш ете алатын, егемен мемлекет бола алатынын барлық қырынан айқындап, мойындатқан ел.

Назарларыңызға Тәуелсіздік жылнамасын ұсынамыз.

2010 жыл

14 қаңтар – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Венадағы ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің отырысына қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Өзінің бейнежолдауында Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ қызметіне қатысты негізгі ұстанымдарды баяндап, Ұйым төрағалығындағы Қазақстанның ұраны мен басымдықтарын жария етті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан төрағалығының сенім, дәстүрлер, транспаренттік және төзімділік қағидаттарына негізделетінін атап айтты.

29 қаңтар – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Жаңа онжылдық – Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуі, жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялады. Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу.

10 сәуір – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев АҚШ Президенті Б. Обаманың бастамасымен Вашингтонда өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитке қатысып, сөз сөйледі.

20 сәуір – «Қазақстан Республикасы» тарихи дерекнамалық көптомдықтың алғашқы ресми тұсаукесер рәсімі өткізілді.

8 мамыр – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммитіне қатысты.

1 маусым – Астанадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің саябағында Қазақ хандығын құрған ардақты бабаларымыз Керей мен Жәнібекке арналған монумент ашылды.

1 шілде – Елордадағы ІІІ Астана экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кеден одағының жұмысы бастау алғанын ресми мәлімдеді.

3 шілде – Астанада Халықаралық үлгідегі Назарбаев Университеті ашылды.

6 шілде – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев қатысуымен «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының ашылу салтанаты өтті. Бірегей ғимарат – белгілі ағылшын сәулетшісі Норман Фостердің арнайы Астана қаласына ойластырған жобасы. «Хан Шатыр» – халықаралық ірі жобалар санатына енген қазіргі заманғы ең батыл сәулеткерлік әрі инженерлік жетістіктердің бірі. Өткен бес жылдың ішінде аталмыш орталықты жүзеге асыруға Қазақстан, Түркия, Ұлыбритания, Ресей және Германияның компаниялары қатысты. Оның биіктігі – 102 метр, жалпы аумағы – 127 мың шаршы метр.

20 тамыз – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына мүше-елдер Мемлекет басшыларының бейресми саммитіне қатысты.

27 тамыз – Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған «Конституция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуы болып өтті.

9 қыркүйек – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Винсент Гонсалес Лоссерталесті қабылдады.

20 қазан – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Транспаренттік. Толеранттылық» атты Ассамблеяның XVI сессиясы өтті.

1 желтоқсан – Тәуелсіздік сарайында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің отырысын ашты. Бұл жиынға 30 мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ, вице-президент пен 7 үкімет басшыларының орынбасарлары, 14 министр мен ЕҚЫҰ-ға мүше және оған әріптес елдер мен халықаралық және аймақтық ұйымдардың өзге де жоғары лауазымды тұлғалары қатысты.

7 желтоқсан – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

2011 жыл

7 қаңтар – Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы «Айқап» журналының жарыққа шыққанына 100 жыл толды.

28 қаңтар – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

30 қаңтар – Елордадағы «Астана-Арена» стадионында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VII Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы болды. 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында болған VII Қысқы Азиада ойындарында Қазақстан спортшылары 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальді қоржынға салып, жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Спорттың 11 түрінен 69 алтын жүлде жиынтығын сарапқа салған қыз-жігіттер дүбірлі додада бірнеше мәрте Азия рекордын жаңартты. Қазақстан үлкен доданы қабылдаған ТМД-ның тұңғыш мемлекеті болып тарихта қалды.

4 ақпан – Елбасы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне белгіленді.

8 наурыз – Еліміздің тарихында тұңғыш рет Қазақстан әйелдерінің І съезі болып өтті. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орайластырылған шараға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

12 наурыз – БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры етіп тағайындады.

31 наурыз – Халықаралық Астаналар және ірі қалалар ассамблеясының бастамасымен өткізілген «ТМД және ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» атты ІІІ халықаралық қалалық тәжірибелер байқау-конкурсында Астана қаласы 81 қаланың ішінен топ жарып, үздік шықты.

3 сәуір – ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан № 182-ші сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. ҚР Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,55 пайыз даусын жинап, жеңіске жетті.

7 сәуір – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты жаңа көркем фильмнің тұсаукесер рәсіміне қатысты.

8 сәуір – Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтті.

18 сәуір – Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбында Ассамблеяның XVII сессиясы болып өтті.

3 мамыр – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ІV Астана экономикалық форумына қатысып, сөз сөйледі.

25 мамыр – Қазақстан Республикасының Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Елордасы Астанада өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайының ашылу салтанатына қатысты.

15 маусым – Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысты.

1 шілде – Елімізде «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы жүзеге аса бастады.

12 қазан – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Тәуелсіздік сарайында «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумы өтті.

1 желтоқсан – Алматыда 23 жылға созылған метроның алғашқы желісі іске қосылды. Салтанатты шараға Президент Н. Назарбаев та қатысты.

9 желтоқсан – ҚР Президенті «Тұлпар-Талго» жолаушылар вагонын құрастыру зауыты кешенін ашты.

16 желтоқсан – Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы ашылды. Еліміздің 20 жылдық даму тарихы мен гүлденуінің символы болған сәулет өнерінің авторы – Н. Назарбаев. Салтанат қақпасының ені 20 метр, биіктігі де сол шамалас. Басынан аяғына дейін ұлттық нақышта безендірілген. Қақпаның қос қапталында ақ сақалды қария мен ақ жаулықты ананың бедерлі мүсіні, сонымен қатар «Тайқазан», дулығалы батыр мен бүгінгінің сарбазы суреттелген. Қақпаның маңдайшасында «Мәңгілік ел» деген жазу жазылған.

20 желтоқсан – ҚР Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекет басшылары Кеңесінің бейресми мерейтойлық отырысына қатысты.

26 желтоқсан – Мемлекет басшысы отбасы және неке мәселелерін реттеуде қазіргі заманғы көзқарасты есептей отырып неке-отбасылық заңнаманы жүйелендіруге және жетілдіруге бағытталған «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне қол қойды.

 2012 жыл

27 қаңтар – Қазақстан Респуликасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

14 наурыз – Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрмелер бюросының сарапшылар комиссиясын қабылдады.

26 наурыз – Сеулде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обама кездесті.

18 сәуір – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев малайзиялық Limkokwing University of Creative Technology университетінің Құрметті докторы атанды.

27 сәуір – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясы өтті.

23 мамыр – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Республикасының Премьер-Министрі Режеп Ердоғанмен кездесті.

Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен V Астана экономикалық форумы ашылды.

31 мамыр – Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі ашылды.

6 маусым – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесті.

17 тамыз – Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Лондонда өткен ХХХ Жазғы Олимпиадалық ойындардың жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Қазақстан құрамасы Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алды. Президент Олимпиада чемпионы атанған велошабандоз Александр Винокуров, боксшы Серік Сәпиев және ауыр атлет Илья Ильинді «Отан» орденімен марапаттады. Олимпиада чемпиондары Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Ольга Рыпакова II дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды. Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, қола жүлдегерлер – палуан Даниял Гаджиев, боксшы Иван Дычко, палуан Гүзел Манюрова, боксшы Марина Вольнова, палуан Ақжүрек Таңатаров «Құрмет» орденімен марапатталды.

29 тамыз – ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Ядролық сынақтарға тыйым салудан ядролық қарусыз әлемге!» атты халықаралық конференцияға қатысып, сөз сөйледі.

2 шілде – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың жарқын және серпінді дамуын көрсететін «Астана – менің жүрегімде» атты фильмнің тұсаукесерін тамашалады. Қазақстанның кинематографистерімен бірлесіп түсірілген фильмнің авторлары – Егор Михалков-Кончаловский мен Алексей Голубев.

4 шілде – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылу рәсіміне қатысты. Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт – 5 мың адамға арналған, мұсылман мерекесі кезінде оған 10 мыңға дейін адам сияды. Жаңа мешіт – қазақ халқының рухани байлығы мен ұлылығын айшықтайды және елорданың әдемі сәулет ғимараттарының бірі.

27 шілде – Қазақстан Президенті Букингем сарайында Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветамен кездесті.

13 қыркүйек – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак «Балқаш ЖЭС» құрылысын іске қосудың салтанатты рәсіміне қатысты.

5 қазан – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды.

14 қараша – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жыл адамы» ұлттық сыйлығының лауреаты атанды.

1 желтоқсан – «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні» болып жарияланды.

22 қараша – Халықаралық көрмелер бюросының 161 мүше-мемлекеттері өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында Астана қаласы ЕХРО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына ие болып, жеңімпаз атанды. Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме – 2017 жылы өтеді.

14 желтоқсан – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Еліміздің Тәуелсіздігіне арналған салтанатты жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» Стратегиясын іске асырудың негізгі қорытындыларын шығарды және Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын арнады.

2013 жыл

17 қаңтар – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесу өткізді.

24 сәуір – Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан -2050 Стратегиясы: Бір халық. Бір ел. Бір тағдыр» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөз сөйледі.

25 сәуір – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XI Еуразиялық медиа-форум жұмысына қатысты.

23 мамыр – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев VI Астана экономикалық форумының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.

21 маусым – ҚР Президенті «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

5 маусым – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Халық тарих толқынында» атты арнайы зерттеу бағдарламасын әзірлеу мен ұлттық тарихты тұтастай зерделеу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру қолға алынды.

23 маусым – Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 2012-2022 жылдардағы Мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығының инаугурациясына орай халықаралық форум өтті.

4 шілде – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының тұсаукесер рәсіміне қатысты.

3 қыркүйек – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында бесінші шақырылған депутаттық корпустың жаңа қызметінің негізгі бағыттарын айқындап берді.

10 қыркүйек – Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Еуразия XXI ғасырда: Жаңару арқылы көшбасшылық» тақырыбында Дамушы нарықтардың Еуразиялық форумы өтті.

19 қыркүйек – Қазақстан 2017-2018 жылдары болатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынды.

24 қыркүйек – Қазақстандық режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі халықаралық «Киношок-2013» кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.

8 қазан – Көкшетау қаласында қазақтың рухын көтерген Абылайдың 300 жылдық мерейтойы өтті.

18 қазан – Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезі өтті.

21 қазан – «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесері өтті.

25 қазан – Беларусь астанасы – Минск қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Мемлекет басшыларының кезекті кеңесі болып өтті.

26 қазан – Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде бокстан әлемнің XVII чемпионатының финалдық жекпе-жектері болып өтті. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Қазақстан құрамасының финалға шыққан 4 бірдей мүшесі алтыннан алқа тағып, Әлем чемпионы атанды. Жалпы, Ұлттық команда өзінің тарихында бірінші рет жаһандық жарыста командалық бірінші орынға шықты.

7 қараша – ЭКСПО-2017 көрмесінің ең үздік эскиз-идеясын анықтайтын 105 компания қатысқан халықаралық байқауда АҚШ сәулетшілері ұсынған жоба үздік атанды. Көрме кешенінің ең үздік эскиз-идеясына арналған байқаудың жеңімпазы - Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясы.

30 қараша – Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 20 жылдығына арналған форум өтті.

1 желтоқсан – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ елі» монументі алаңында «Эко такси» қалалық такси паркі инвестициялық жобасының тұсаукесер рәсіміне қатысты.

«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа үлгідегі №1 партиялық билетті тапсырды.

2 желтоқсан – Бүкіл елімізде «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалпыұлттық таныстырылымы болып өтті.

2014 жыл

Астана күні қарсаңында елордада жаңадан салынған Ұлттық музей ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Н.Назарбаев «Бұл – замануи сәулеттің үздік туындысы, ол қалалық ландшафтты өзінің бірегейлігімен толтырады» – деп атап өтті.

Тамыз айында Елбасы Елбасы Ұлытау жерінде сұхбат беріп, еліміздегі негізгі мәселелерге байланысты көзқарастарын білдірді. Оның ішінде, қазақ ұлтының тарихы, діні, тілі, сондай-ақ, еліміз үшін аса маңызды саналатын Еуразиялық экономикалық одақ туралы тақырыптар қамтылды.

2014 жылдың қазан айында Елбасы Астана қаласының белсенділерімен кездесу кезінде 2015 жылы қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы атап өтілетіні туралы  мәлімдеді.

Президент Н.Назарбаев: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрып, қазақ мемлекеттілігінің негізін салды. Бәлкім ол бүгінгі түсініктегі мемлекет болмаған шығар, бірақ ешқандай мемлекет дәл бүгінгі күйінде құрылмады. Басты нәрсе, сол кезде негіз қаланды және біз ата-бабамыздың салған ізінің жалғастырушысымыз» - деп атап өтті.

2014 жылдың ең негізгі саяси оқиғасы атанған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Президент әлем дағдарыс салдарынан жаһандық сынақ уақыты болатынын атап өтіп, осындай қиын кезеңнен тиімді шығудың тетіктерін жариялады. Нақтырақ айтқанда, тәуелсіз тарихымызда екінші рет Ұлттық қор қаражаты ел мүддесі үшін жаратылатын болып шешілді. 

Соңы. Басы...

Хабарламаларға жазылу