Президент ИЫҰ аясында бірқатар мемлекет басшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ИЫҰ аясында бірқатар мемлекет басшыларымен кездесті

11.09.2017

Астанадағы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше елдің президентімен және халықаралық ұйымдардың ықпалды тұлғаларымен кездесті. Ұйымның бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осейминмен әңгіме барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның ынтымақтастықты арттыруда барынша қолдау көрсететінін жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің алдағы уақытта да ауған жастарына білім беру, гуманитарлық көмек көрсету салаларындағы қолдауды жалғастыратынын айтты. Елбасымен кездесуде Гвинея-Бисау елінің президенті Альфа Конде Африкадағы Ислам мемлекеттері Қазақстанға осындай іс-шаралар өткізу кезінде қолдау көрсетуге әзір екенін айтты. Оның негізгі мақсаты – Ислам әлемі елдері арасындағы өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстаным қалыптастыру. Ал, Индонезияның вице-президенті Юсуф Калламен болған әңгіме барысында қос елдің экономикалық мүмкіндіктері мен өзара іс-қимыл жасау әлеуеттері қаралды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани екіжақты қарым-қатынасты қарқынды дамытудың жолдарын талқылады. Мемлекет басшысымен Ислам даму банкінің президенті Бандар бен Мұхаммад Хаджар Астана Халықаралық қаржы орталығының жұмысы туралы сөз қозғады. Банк президенті Елбасына Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің ғылым және технологиялар жөніндегі қорын құруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Венесуэла президенті Николас Мадуро Қазақстанға тұңғыш рет келіп отырғанын және екіжақты байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті.

 

Дулат НУРКИН

Хабарламаларға жазылу