Бұл туралы екі ел Премьер-министрлерінің кездесуінде айтылды. Бақытжан Сағынтаев пен Андрей Кобяков Астанада келіссөздер жүргізді. Қазақ Үкіметінің басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Минскіге сапары жоспарланып отырғанын айтып, бұл маңызды шара екі елдің байланыс көкжиегін кеңейтетіндігін мәлімдеді. Ал, Белорусь премьері биыл екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл толғанына тоқталып, «Қазақстан біз үшін сенімді стратегиялық серіктес»,- деді.
Үкімет басшыларының кездесуінде бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтсақ, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім жасалды. Сондай-ақ, мемлекеттік арналар арасында ынтымақтастықты және сауда өнеркәсіп саласындағы байланысты арттыру жөнінде құжаттарға қол қойылды.