Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуы бүкіл нарыққа әсер етеді, деді бүгін журналистердің сұрағына жауап бере отырып Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Бұл жағдай бүкіл нарыққа әсер етеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, референдумнан кейін мұнайдың, алтынның бағасы түсіп кетті, доллар нығайып, ағылшынның валютасы құлады, қазыналық құжаттардың қымбаттағанын көріп отырмыз. Бірақ, біздің Ұлттық қор қазыналық қағаздарға инвестиция құйып отырғандықтан, олардың бағасын арттыру жақсы ықпал етуі керек»,-деді Қ.Бишімбаев.
Дегенмен, Ұлттық экономика министрінің пікірінше, Британияның Еуроодақтан шығуы Қазақстан экономикасына қатты ықпал ете қоймайды.
«Британияның бұл одақтан шығуы біздің экономика үшін тікелей үлкен ықпалын тигізе қоймайды. Бірақ, әлемде бәрі өзара байланысты болған соң, валюта курсына, шикізат ресурстарының бағасына байланысты, мұнай бағасына байланысты Қазақстан экономикасына белгілі бір деңгейде ықпал ете алады», - деді Экономика министрі.