Ақмола облысының жастары саятшылыққа әуес
Ақмола облысының Жақсы ауданының тұрғындары ата-дәстүрді жалғастырып, ағылшынның таза қанды сәйгүліктерін бәйгеге баптап жүр. Ауылда құмай тазы,қыран бүркітпен аңшылыққа шығу дәстүрі де үзілмеген.
Бәйге – тек жүйріктердің жарысы емес, бұл мінез бен төзімнің майданы. Ал сол майданға тұлпар дайындау екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Ешім ауылының тұрғыны Қайрат Тәшетов таңсәріден тұрып, аттың бабын тапқанша тыным көрмейтін тәжірибелі атбегі. Ол отыз жылдан бері ат баптап, талай республикалық бәйгелерде бас жүлдені қанжығасына байлаған.
Қайрат Тәшетов, атбегі:
Мынау атымның аты Береке. Құнан бәйгеге қосылып жатыр. Жүлделі орыннан көрініп жүр. Енді міне, қазір дайындықта жүр бұл аттар. Тұқымы англо, қолтума. 8 шақырымдай жүріп келем. Сосын жетісіне екі рет міне, шанам тұр, шанаға жегем.
Нағыз сәйгүліктің бабын келтіру тек атбегіге емес, үстіндегі шабандозға да байланысты. Сондықтан Қайрат Тәшетов баласы Әзімжанды тақымды болуға баулиды.
Әзімжан Тәшетов, шабандоз:
6 жасымда атқа мінгем, жасым қазір 9-да, наурызда бірінші келгем, жабағы жарыстан, бидайықтан екінші келгем. Әкеммен қазір ат жаратып жүрмін. Алдыңғы бәйгелерге қосамыз. Рудныйға дайындап жатырмыз.
Құмай тазы – тек аңшының серігі емес, ол ұлттық бренд. Бірлік Уәлиев Аққұс атты таза қанды шашақ құлақты тазысын күшік кезінен баптап келеді. Аңға да шығады, тазы жарыстарына қатыстырып, қанжығасын майлап жүр.
Бірлік Уәлиев, Ешім ауылының тұрғыны:
Ата-бабаларымыздан келген дәстүр, атам аңшы болған, әкем ұстаған тазы. Бала кезден ұстайм тазыны есімді білгелі. 11 айында Балхаш қаласына барып, бас жүлдені иеленді. Марттан бастап карьерасы басталды ғой. Қарқаралы қаласында «Байқымыз» фестивалінде бірінші орын иеленді.
Бәйге атындай бап тілейтін құмайды бұл дәрежеге жеткізу оңай болмаған. Күнделікті арнайы режиммен жаттықтырып, аптасына 2-3 мәрте 30-35 шақырым жүгіртеді. Ауыл жастары қыран бүркіт, жүйрік тазымен аңға шығып, саятшылық дәстүрді де үзбей келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы