«Самал» спорттық-сауықтыру орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Самал» спорттық-сауықтыру орталығы ашылды

26.08.2019

Өскеменде жаңа спорттық-табиғи-экологиялық саябақ ашылды. Ертіс өзенінің жағасында бой көтерген «Самал» паркінің құрылысы былтыр басталған болатын. Бұл жер қала тұрғындары мен қонақтар үшін жақсы демалыс орны ғана емес, сондай-ақ спортпен шұғылданатын бірегей оралыққа  айналмақ.

Бұл аумақ көп жылдар бойы қараусыз  жатқан. Былтыр атқарушы билік өкілдері осы жерде жаңа спорттық-табиғи-экологиялық саябақ ашу жөнінде шешім қабылдады. Көп кешікпей тиісті жүмыстар басталып, аз уақытта 20 гектар аумақ адам танымастай өзгерді. Бүгін спортқа жаны жақын жас та, жасамыс та осында жиналыпты.

Жандос Кенесбеков, қала тұрғыны:

Өзім кішкентай кезімнен баскетбол ойнаймын. Осы алаңды жасағаны жақсы болды. Футбол, волейбол, баскетбол ойнап жатыр, велосипед теуіп жүр. Өте жақсы.

Бұл жерде заманауй спорттық нысандар, жүгіру жолақтары, велосипед жолы, балалар алаңы мен 2 жағажай бар. Саябақтың сыртына үлкен автотұрақ салынған. Қала түрғындары Өскемендегі өзгерістерге оң бағасын беруде.

Гафура Қалелова, қала тұрғыны:

Өскемен әдемі болып жатыр. Саябақтар көбейіп келеді. Өте әдемі, жақсы, көп балалар жүреді екен. Отбасымен жүреді. Спорттық алаңдар бар, жағажай да тамаша.

Шығыс Қазақстан облысында адам өмірінің сапасы мен деңгейін көтеру мақсатында ілкімді  жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңа саябақтың ашылу осы бағыттағы игі істердің бір парасы ғана.

Даниал Ахметов, Облыс әкімі:

Қаланың ішінде біз көп көшені кеңейттік. Биыл Сәтпаев даңғылында жұмыстардың бірінші кезеңі бітеді. Содан кейін, міне, осы саябақты жасадық.

Абаттандыру, саябақтарда көшет отырғызып, халықтың жақсы демалуы үшін шаруалар бүкіл Шығыс Қазақстанда жасалуда. Бұл үшін биыл аудан орталықтарын қоса есептегенде, бюджеттің 4-ші деңгейін еңгізген 100 ауылдық округке барлығы 4,2 миллиард теңге бөлінді. Жүзеге асып жатқан 180 жоба 1-қазанға дейін аяқталады.

Берік КӨШЕРБАЙ

 

 

Хабарламаларға жазылу