Ақмола облысында мал шаруашылығы дамып келеді

29.03.2019

Әсіресе, ірі қараны асылдандыру ісі қарқын алған. Мәселен, фермерлік шаруашылықтарды дамытуға бағытталған бағдарлама аясында өткен жылы облыста 24 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде аймақтағы Зеңгі баба түлігінің саны 420 мыңға жетті. Сәйкесінше ет өндірісі 12 пайызға ұлғайып отыр.

Баян Сковородникова кәсібін 60 шақты ірі қарамен бастаған. Ал, былтыр «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 40 миллион теңге несие алып, ангус тұқымды 70 бас сиыр сатып алды.

Баян Сковородникова, кәсіпкер:

- 14 пайыздың 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Кәсіпкер тек 4 пайыз бойынша төлейді. Бүгінде ақшаны алып, малды сатып алдық. Ангус тұқымды 70 ірі қара, 18 айлық. Бұл - өнімділігі жоғары мал. Сондықтан одан жақсы өнім алудан үміттіміз. Малды желтоқсан айында әкелдік. Қазір жерсініп жатыр. Енді алдағы уақытта асылтұқымды бұқа сатып алмақшымыз.

Облыста «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2018 жылы 24 жобаға несие берілді. Жалпы құны - 1 миллиард 105 миллион теңге. Малды асылдандыру бағытында барлығы 1 мыңнан астам ірі қара сатып алынған.

Абзал Кенжеахметов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары:

- 24 жоба мақұлданды. Шет мемлекеттен ірі қара малды алу жобасы іске асырылды.

Облыста мал саны жыл санап өсіп келеді. Етті сиыр бойынша өткен жылдың өзінде өңірде 30 шаруашылық құрылған. Ал, өндірілген ет көлемі 58,4 мың тоннаға жетті.

Биыл Ақмола облысына импорттық селекциядағы 9 мың ірі қара әкелінуі тиіс. Сондай-ақ, асыл тұқымды сиыр өсірумен және ет өндірісімен айналысатын 181 ферма ашу жоспарда бар. Ал, сиыр етінің экспортын 2,5 мың тоннаға жеткізу керек.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу