Есеп комитетіндегі кездесу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есеп комитетіндегі кездесу

31.07.2014
Есеп комитетіндегі кездесу

Еліміздің есеп комитеті Ақтөбе облысындағы республикалық бюджеттің атқарылуын есептеп шықты. Өңірде өрге басқан сала баршылық. Бірақ, комитет  бірқатар заңбұзушылықты да анықтап, бүгін жауапты тұлғалардан жауап алды.

Есеп комитетінің сандарына қарағанда, облыста жұмыс орнын ашу үшін 63 миллион теңге қаражат жұмсалады. Біздегі бұл көрсеткіш шетелмен салыстыруға да келмейді. Алысқа бармайық.

Көрші Ресейде жұмыс орындарын ашу үшін 36 миллион, ал Украинада небәрі 18 миллион теңге қаражат бөлінеді екен. Яғни, бізден 2-3 есе төмен. Бұл – бір мәселе. Өңірдегі Салық департаменті де дұрыс жұмыс істемейді. Ақтөбе облысының дамуына жауапты тұлғалар бұл мәселелерді реттейміз, деп серт берді.

Роза Кемалова, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Ақтөбе облысы аумағы жағынан Қарағандыдан кейін екінші орынды алады. Сондықтан, облысымызда кез келген саланы дамыту қымбатқа түседі. Өңірдегі жолдарды жөндеу мен тұрғындарды жылу, сумен қамтамасыз етуге кететін шығын көп. Иә, біздің жұмыста біраз проблеманың бар екені жасырын емес. Енді осы олқылықтардың орнын толтыру үшін барымызды саламыз.

Есеп комитетіндегі келесі бір кездесу Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің өкілдерімен өтті. Онда ел қазынасынан бөлінген қаржының тиімді жұмсалмағаны сынға алынды.

Яғни, 2009-2011 және 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарға бөлінген қаражат толық әрі уақытылы игерілмеген. Айта кетейік, Есеп комитетінің есебі Елбасыға жіберіледі. 

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу