Бүгін әйгілі Жалаңашкөл оқиғасына – тура 50 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін әйгілі Жалаңашкөл оқиғасына – тура 50 жыл

13.08.2019

Бүгін әйгілі Жалаңашкөл оқиғасына тура — 50 жыл. Осыдан жарты ғасыр бұрын Қытай елінің сарбаздары Жалаңашкөл шекара заставасын бұзып өтіп, ешқандай ескертусіз кеңес әскеріне оқ жаудырған болатын. Салдарынан 10 жауынгер жараланып екі шекарашы қайтыс болды. Ал Қытай тарапынан 19 сарбаз оққа ұшып, 3 адам тұтқынға алынды. Көрші ел бұл әрекетке шекарадағы даулы аймақтарды өздеріне қайтару мақсатымен барған. Алайда шекарашыларымыздың батыл іс-қимылы олардың бұл мақсатын орындауға мүмкіндік бермеді. Дәл осы шекара заставасының бүгінгі жағдайы қалай?

Шекара шебіндегі дабыл сымдары қозғалды. Кезекшінің пультына осындай хабар жиі келіп тұрады. Арнайы топ бес қаруын асынып, дабыл қағылған аймақты белгілі бір тәртіппен шолып өтеді. Бұл Жалаңашкөл заставасындағы қалыпты жағдай.

Шекара сымын шекараны бұзып өтпек боғлан қаскөй де, жабайы аң құс та, қатты жел де қозғалтуы мүмкін. Сондықтан барлық жағдайға дайын болу керек. Былтыр күзде Қарағындадан шақырылған жас сарбаз  Бірлік Берекеұлы 6 айда әскери өмірден көп нәрсе үйренді.

Бірлік Берекеұлы, шекарашы:

Қызметке түсуді үйрендім. Әртүрлі кезекшіліктер болады. Қалқалау шебі, шолғын құрамында. Шекара күзет кезекшілігіне түнде де, күндіз де түсеміз.

Кезекті шолғын тыныш өтті. Шекарашылармен бірге аға лейтенант Нұржан Сағатбеков та үйіне келді. Жас болса да офицер осы заставаны басқарып отыр. Оның сүйікті жары мен кішкентай қызы да шекара шебінде. Жас отбасының мүшелері әскери өмір мен тәртіпке үйренісіп келеді. Ең бастысы олар шаңырақ иесінің таңдауына түсіне қарайды.

Күміс Сағатбекова, «Жалаңашкөл» заставасы бастығының жары:

Жылап алатын кездер де болады. Үйімізді сағынып, алыстамыз, айдаладамыз. Құрбыларымызбен сөйлесе алмаймыз. Сондай кезде жолдасым келеді. Бәрін айтып түсіндіреді. Әйтеуір бір жылап алып, артынан күліп кетеміз.

Жалаңашкөл шекара заставасының сарбаздары 20 шақырымдай аумақты күзетеді. Қазіргі таңда мұнда келісімшарттағы жауынгерлермен бірге жаңадан шақырылған сарбаздар да әскери борышын өтеп жатыр.

Нұржан Сағатбеков, «Жалаңашкөл» шекара заставасының бастығы:

Барынша қырағылық танытып, осы отан алдындағы борышын адал ниетпен, адал іспен мемлекеттік шекарамыз, еліміз барлығы тыныш болсын деп күндіз де, түнде де 24 сағат тәулігіне күзетеміз. Сенімді түрде күзетеміз.

Мұндағы сарбаздарға Жалаңашкөл оқиғасы міндетті түрде түсіндіріледі. Шекарашылар ерлігі жас сарбаздарға рух беріп, жауапкершілік жүгін де арттыра түседі. Дәл осы Тарбағатай таулары мен Жоңғар Алатауының түйіскен жерінде жоңғар шапқыншылығы кезіндегі батыр бабалар ерлігі де тарих беттерінде.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Шекара барда — мемлекет бар. Демек мемлекеттік шекара —  ел тәуелсіздігінің ажырамас бір нышаны. Қыстың аязды боранында, жаздың аптап ыстығында мемлекеттік шекараны күзетіп, халықтың тыныш ұйқысын қамтамасыз еткен әрбір шекарашы тәуелсіз еліміздің біртұтастығына өзіндік үлесін қосып келеді.   

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу