Шекарашылар атты шеруге шықты

06.08.2019

Алматы облысында шекарашылар отряды атты шеруге шықты. Мақсаттары шекара қызметінің 27 жылдығы және Жалаңашкөл оқиғасының 50 жылдығын атап өтіп, елдің шетінде, желдің өтінде жүрген шекарашылардың адал қызметіне құрмет көрсету. Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл да қатысып, заставалар арасындағы эстафетаны табыстады.

Сарқан ауданындағы шекара заставасынан басталған көш Жалаңашкөл заставасына шекара шебімен жүріп өтті. Аттылар ту ұстап, тау-таспен, орман тоғаймен 200-дей шақырымды артқа тастады. Шекарашылар керуені кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріне құрмет көрсетіп, осыдан жарты ғасыр бұрын шекара шебінде болған ұрысты келесі ұрпаққа дәріптеуді көздеді.

Самат Салауатов, Достық шекара комендатурасы комендантының орынбасары:

Жүру барысы төрт күндей өтті. Оның арасында бәріміз шекарашымыз ғой. Шаршау деген жоқ. Аттар да шаршамады. Ұрпаққа кәдімгідей үлгі болып, үлесімізді қостық деп ойлаймын.

Салтанатты жиынға Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл арнайы келді. Ауған соғысының ардагеріне әскери өмір таңсық емес. Депутат шекарашы сарбаздармен емен-жарқын әңгімелесіп, жағдайларымен танысты. Атты шеру эстафетасын қабылдап, Жалаңашкөл оқиғасында қаза болған сарбаздарға қойылған монументке гүл шоқтарын қойды.

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кезінде біздер өтіп, олардың барлығына сын айтқанбыз. Сол сынды сынбай отырып тыңдай отырып, шыңдай отырып, бүгінгі таңдағы жақсы-жақсы жетістіктерді көзімізбен көріп отырмыз. Онымен барлығы да толық қанды болды деуге болмас. Десек те бүгінгі таңдағы еліміздің қауіпсіздігіне қызмет етіп жатқан шекарашылардың жағдайлары жаман емес.

Жалаңашкөл заставасынан кейін Бақытбек Смағұл Достық ауылындағы Жоңғар шекара заставасына да ат басын бұрды. Депутат күрделі жөндеуден өткен застава ауласына ағаш отырғызып, жас сарбаздармен пікір алмасты. Биыл Үшарал шекара отрядына жауынгерлер бір жылдық борышын өтеу үшін Түркістан және Қарағанды облыстарынан келіпті.

 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу