Сүт өнеркәсібі түгел тексерістен өтеді

13.08.2019

Жолдан немесе қолдан сүт алу аса қауіпті. «Өйткені халық өткізетін өнімнің 90 пайызына сенім жоқ»,-дейді мамандар. Мәселені бұған дейін реттеу мүмкін болмаса, енді Кедендік одақ талаптарына сай техникалық регламент бекітіліп жатыр. Осылайша, алдағы жылдан бастап, сүт өнеркәсібі түгел тексерістен өтеді. Яғни өндірушіден бастап тұтынушыға дейінгі аралық бақыланбақ. Қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жол картасын Ауыл шаруашылығы министрлігі жүзеге асырады. 

Жылда 150-ден астам өңдеуші кәсіпорын 1,5 миллион тонна шикізат қабылдайды. Жартысы ұжымдасқан шаруалар мен фермалардан тисе, қалғанын қарапайым халық толтырады. «Соңғысына сенім аз»,- дейді сүт одағындағылар.

Владимир Кожевников, Қазақстан сүт одағының атқарушы директоры:

Ауылдағылар осыдан 300 жыл бұрын сиырды қалай сауса, әлі күнге дейін солай сауады. Ал 300 жылда экология да, жем-шөп базасы да, технология да өзгерді. Осының бәрі қосалқы шаруашылықтар өткізетін сүттің қауіпсіздігін құбылтып тұр. Түрлі індеттер мен микробтар, улы химикаттар малға егілген дәрі арқылы сүтке түсіп жатыр.

Инна Пунда, БҰҰ Агробизнес жөніндегі экономисі:

Соның салдарынан әлемде жыл сайын 700 мыңдай адам көз жұмады. Осы себепті сүт жеткізумен айналысатын әрбір адам оның жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Өйткені антибиотик қосылаған сүт өнімдері бәсекелестікті төмендетіп қана қоймай, оны тұтынған адамның ағзасына да айтарлықтай зиянын тигізеді.

Мұның алдын алу үшін жол картасы әзірленіп жатыр. Құжат бойынша бірінші кезекте сүт одағына мүше кәсіпорындар ғана жұмыс істейді. Сосын 2021 жылға дейін сүт өңдеушілер түгел енгізілмек. Сөйтіп, техникалық регламент талаптарын орындамағандары тұрақты табысынан да қағылады.

Әлиақпар Мәтішев, «Сапа» тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұлттық қоғамы» ҚБ төрағасы:

Шығарып жатқан сүт зауытқа келу керек. Зауыттар таза емес, сапасы жоқ сүтті қабылдамау керек. Сол шығарылған сүт тұтынушыларға жету керек. Соның бәрін әріптестерімізбен қарап, бақылау, жәрдем беріп отыру керек қой.

Тоқ етері жаңа жол картасы ауыл халқын нәпақасынан айырып, сүт өткізуіне тиым салмайды. Тек бастысы, өнім қауіпсіздігі мен экспорт талаптары сақталуы тиіс. Мамандар соны көздейді.

Нысаналы ЫҒЫЛ

 

Хабарламаларға жазылу