Кәсіпкерлер азық-түлік импортын азайтуды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлер азық-түлік импортын азайтуды ұсынды

05.04.2022

Отандық кәсіпкерлер өнімдерін өткізе алмай жүр. Есесіне шетелдік тауарлар нарықты жаулап жатыр. Соңғы жылдары импорттық өнімдердің үлесі антирекордтық көрсеткішке жеткен. Бұлай жалғаса берсе азық-түлік өнімдерімен қамту мәселесіне қауіп төнеді деп отыр тамақ өнеркәсібінің өкілдері.

Сауда сөрелерінде сырттан келген өнімнің түр-түрі самсап тұрғаны жақсы. Таңдау көп, бәсекелестік бар. Бірақ, отандық тағам өндірушілерге қысым көп. Былтыр Қазақстанға жеткізілген азық-түлік импорты 5 млрд долларға жуықтаған. 54 пайызы Ресей өнімі. Бұл соңғы жылдардағы ең үлкен антирекорд. Нарықта өзгенің өнімі жаулап алған, біздің кей тауар түрлері супермаркеттерге де қойылмайды.

Владимир Кожевников, Қазақстан сүт одағының директоры:

Отандық өнімдердің бағасы да, сапасы да шетел тауарларынан кем түспейді. Тек олар сапасы төмен өнімдерін бізге арзан бағаға өткізіп отыр. Бұл ұлт денсаулығына қауіпті. Осыны түсінуіміз керек. Мәселені шешудің бір жолы - демалыс күндері супермаркеттерді жауып, орнына отандық өнімдер қойылатын жәрмеңке ұйымдастыру керек. Ал жауапты органдардан бізді қолдауды талап етсек қарсылық танытпайды, бірақ қолдамайды да.

Кәсіпкерлер сырттан өнім тасуды дереу тоқтату керек деп отыр. Өйткені, өзгенің өніміне алақан жая беруден мәселе шешілмейді. Тіпті, азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қауіп төнуі мүмкін. Сүт, ет, сұйық май сынды ең қажет өнімдердің өзіне зәру болып қалуымыз ғажап емес.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры:

4,5 млрд долллар сырттан тамаққа тәуелдіміз. Ол ертең келмесе, жеткізілмесе жағдайымыз мүшкіл болайын деп тұр. Сондықтан осы жағдайды пайдаланып ішкі өнімді еселеп көбейтуіміз керек.

Отандық тауар өндірушілердің негізгі талабы осы. Қазақстандық кәсіпкерлерге көмек көрсету. Егер қолдау көбейсе нарықты ішкі өніммен толық қамтуға болады. Тіпті қысқа уақытта импортты ығыстырамыз деп отыр.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры:

Еселеп көбейтуге толық мүмкіндігіміз бар. Мысалы сүт өнімдерін қарасақ 4-5 жыл ішінде шешіп беруге болады. Сондықтан уақыт керек, қосымша үкіметтен көмек керек. Жеңілдетілген кредит, ішкі нарықта ерекше жағдай жасау керек.

Тамақ өнеркәсібі индустриясында қазір 2,5 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Барлығының мәселесі ортақ - өнімді өндіру мен өткізудегі кедергі. Оны жою үшін жаңа бағдарлама керек деп отыр.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу