Алакөлге лас су төгілуіне байланысты комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алакөлге лас су төгілуіне байланысты комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр

02.08.2019

Алакөлдің суын ластаған қонақ үй иелері жазасыз қалмайды. Арнайы құрылған комиссия көл суынан сынама алып, зертханаға жіберді. Осы оқиғадан кейін көл жағасындағы барлық қонақ үйлердің қызметі бақылауға алынды.

 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Келеңсіз жағдай дәл осы жағажайда болған. Лай су, міне дәл осы құбырдан аққан. Ал су Көктем гранд қонақ үйінің хауызынан келген.

 

Көл суының ластанғанын көргендердің көңілінен күдік сейіле қоймаған. «Жағымсыз иіс қолқаны қапты»,- дейді куәгерлер. 

 

Анар Маратова, демалушы:

Сасық су шықты... Ыстық су шыққан кезде сасыған иіс қатты болған. Шомылған елдің бәрі қашты содан.

 

Ал қонақ үй әкімшілігі «хауыз суын көлге мүлде төкпейміз» деп азарда безер. Құбыр аса шұғыл жағдайда ғана қолданылады. Бұл жолы белгісіз біреулер құбырды қасақана ашып жіберді деп отыр. 

 

Жанар Құндақбаева, қонақ үй директоры:

Көлден алынған су ең соңғы үлгідегі фильтрация арқылы тазартылып, құйылады. Ешқандай да су бізде көлге кетпейді. Себебі біздің территориядағы көк шөптерімізді және ағаштарымызды суғаруға жіберіледі.

 

Көптің назарын аударған оқиғадан кейін Алакөлге іле арнайы мамандар келді. Комиссия құрылып, экологтар судан сынама алып зертханаға жіберді. Нәтижесі бір аптада дайын болады.

 

Айдын Чалкенов, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы:

Қазіргі таңда бассейн жұмысы толығымен тоқтатылды. Ол жерде ешқандай кәріз суы төгілмеген. Бұл жерде таза бассейн суы. Бассейінде хлор, химикат қоспалары қосылмағаны анықталды. Біз бәрін тексеріп шықтық. Кәріз суын қай жаққа төгіліп жатқанын көрдік. Ол жерде арнайы септик жасалған.

 

Осы оқиғадан кейін мамандар өзге де қонақ үйлерді қадағалауға кірісті. Экологтар Алакөлге ешқандай су төгуге мүлде болмайтынын айтады.   Ал көлді ластаған демалыс орнының басшылары бәрбір жазасыз қалмайды. Сынама нәтижесінен кейін олар  ірі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін. 

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу