Кейінгі кезде ірі мегаполисте аңдардың жанашырымыз деген белсенді топ әлеуметтік желіге негізсіз жазба қалдырып, айыптауды әдетке айналдырған. Алайда, мұндай айыппен келіспейтін қарсы тараптың да айтары бар. Бітпес дауға айналған мәселенің мән-жайын тілшіміз Нұрлан Асқарұлы анықтап көрді.
Алматы хайуанаттар бағы туралы жалған мәліметтер жиі таратылады. Сондықтан, осындай жазбаларды жариялағандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 131 бабы бойынша іс қозғалды. Заңға сәйкес, «Айыппұл салу немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», - дейді зообақтың заңгері.
Досбол Бейсенбаев, Алматы хайуанаттар бағы Заң бөлімінің басшысы:
Алматы хайуанаттар бағы мемлекеттік мекемесі өзінің ар-намысы және іскерлік беделді қорғау бойынша талап-арызбен соттарға жүгіндік. Әлеуметтік желіліерде мекеме басшысына қарсы берілген жала жабу, жаңағы қорлау мақалалары бойынша қылмыстық іс қозғау туралы да тиіситі арызбен жүгіндік. Қазіргі таңда осы арыздар бойынша Қылмыстық іс, азаматтық іс қозғалып жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ал, жануарларды қорғаушылардың кеңесшісі Анна Ерубаева Алматы хайуанаттар бағы ұжымының әрекеттері заңсыз деп есептейді. Оның айтуынша, қоғам белсенділерінің әлеуметтік желіге жариялаған жазбалары мен мақалаларында ешқандай жалған ақпарат жоқ. Оған қоса, кейінгі екі айда алты жануардың қырылып қалғандығы жұртқа мәлім.
Анна Ерубаева, заңгер-кеңесші:
Мен заңгер ретінде жануарларды қорғаушылардың ісін қолдаймын. Әлеуметтік желідегі көшірме бейнелер заңды түрде расталмаған. Ал, зообақ аумағындағы өткен баспасөз мәжілісінде өздерінің дайындаған адамдары аңдарды қорғаушылардың жариялаған жазбаларын қылмыстық іске теңеп, түсініктеме беріп, кінәлап сөйлеген. Бұл Конституцияға қарсы әрекет.
Енді тараптардың ортақ бітімге келу, келмеуі тек тамыз айында өтетін сот отырысынан кейін белгілі болады. Өйткені, екі жақтың ушыққан ісін қарап, оның ақ-қарасын судья шешеді. Ал, даудан басы арылмаған зообақ басшылығы тұрғындардың өтінішін ескеріп, қазір жануарларға арналған жаңа жайларды салып жатыр.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ