Түркістан облысының Ақсу ауылындағы көпқабатты үйдің тұрғындары ауызсудың жоқтығына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Ақсу ауылындағы көпқабатты үйдің тұрғындары ауызсудың жоқтығына наразы

17.07.2019

Түркістан облысы Ақсу ауылындағы көпқабатты үй тұрғындары үш айдан бері ауызсудан тарығып отыр. Жүйедегі қысым аз болғандықтан, су жоғарыдағыларды айтпағанда, бірінші қабаттағы пәтерлердің өзіне де бармайды. Бұл - жылда қайталанатын жағдай. Өйткені жүйеге шамадан артық абоненттер қосылған. Ал оларға берілетін су тұтыну мөлшерінен әлдеқайда аз. Тұрғындар осы қиындықты 5 жылдан бері атқарушы билікке айтып келе жатқанымен, әлі күнге нәтижесіз.

Күндіз құбырда су, көпқабатты үйде тіршілік тоқтайды. Пәтерлерде жанталасқан тірлік түнгі сағат 03:00-ден кейін басталады. Шүмектен тамшылап су аға бастағаннан жұрт үйдегі түбі тесік емес ыдыстың бәрін толтырып алуға тырысады. Шелек, табақ, тіпті шомылатын ваннаға дейін. Апыл-ғұпыл кір-қоңын жуады. Үлгерсе өздері жуынады.

Айман Бегалиева, Ақсу ауылының тұрғыны:

- 5 литрлік бөтелкеге су құйып қойғанбыз. Ол таусылып қалғанда осыған ыдыс жуамыз. Балалар да осыдан су ішіп кетеді.

Көпқабатты екі үйдегі жұрттың сәуірден бергі көрген күні осы. 40 шақты отбасы тұрады. Жұрттан маза, судан сапа кетті.

Ақмарал Өмірзақова, Ақсу ауылының тұрғыны:

24 сағат құбырда тұрып қалған суда қандай сапа болады. Ол адамның денсаулығына кері әсер етеді.

Мұндағы жұрттың осы қиындықты айтып ауызсу мекемесі, аудан әкімдігі, «Нұр Отан» партиясына сан барды. Жалтарма жауаппен шығарып салады. Елдің жайына алаңдаған әкімді де көрмеді. Судың жоқтығынан ауладағы ағаштар да қурай бастаған. Ең сорақысы, төңірек нәжіске толып барады.

Зухра Нәлібаева, Ақсу ауылының тұрғыны:

Біздің үйдің айналасы әжетханаға айналды. Өйткені жас балаларды қайда отырғызамыз? Әр үйде 5-6 баладан бар.

Аудан орталығында 52 көпқабатты тұрғын үй бар. Әсіресе, жаз мезгілінде олардың бірқатары осы қиындыққа тап келеді. Оны шешу үшін ауызсу мекемесі ұңғымадағы су сорғыларды жаңартпақ. Ескілерінің орнына қуаттысы қойылады.

Марат Оразбаев, «Сайрам Тазалық» ЖШС-ның директоры:

Ақсу-2 елді мекенінде 6 су ұңғымасы бар. Соның үшеуін ауыстырамыз деп жоспарлап отырмыз. Осы аптаның соңына дейін мәселе толық шешіліп, халықты 24 сағат ауызсумен қамтамасыз ететін боламыз.

Көпқабатты үй тұрғындарының судан өзге де проблемасы жетерлік. Төңірек күл-коқысқа толып қалған. Тұрмыстық қалдықтар аузы мұрнынан шыққан контейнер аптасына әрең тазартылады. Ал ауладағы ойын алаңдары қирап қалғандықтан, балалар асфальттың үстінде ойыншықтарын ермек етуге мәжбүр.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу