Елордада мүмкіндігі шектеулі жастар өздерінің IT жобаларын ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада мүмкіндігі шектеулі жастар өздерінің IT жобаларын ұсынды

15.07.2019

Шексіз мүмкіндіктер. Елордада мүмкіндігі шектеулі жастар өздерінің IT жобаларын таныстырды. Жұмыстардың дені көмекке зәру азаматтарға арналған. Бірі оқу орнын бітірген мүгедек жасқа жұмыс тауып беру жобасы болса, енді бірі жедел жәрдем қызметінің науқасқа тез жетуін реттейді. Үміткерлер бұл  қиялдарын арманға жеткізу үшін өз жұмыстарын Бас қалада қорғап жатыр. Демеушілер жеңімпаздарға қомақты қаржы бөліп, сол стартап жобаның халық арасында іске асуына мүмкіндік жасамақ.

 

Зәйтүн Құсайынованың стартап жоба әзірлеуіне себепкер болған өзі. 19 жасынан артрит дертіне шалдыққан бойжеткен қозғалу мүмкіндігінен айырылады. Сол кездегі көрген қиындығы әлі есінен кете қойған жоқ.     

 

Зәйтүн Құсайынова, стартап жобаның авторы:

 

Сырқат қозғанда жатып қаламын. Сол кезде мен ойладым, бізде қаншама адам тұрады көмекке мұқтаж қастарында ешкім жоқ. Нан сатып алуға, дәріханаға баруға хәлдері жоқ. Сондай кісілерге приложение жасасақ қандай жақсы болар еді деп.

 

Бұл ой - талапты қызды бір орында жатқызбады. Қиялын қағазға түсіріп, талай байқауларға қатысыпты. Нәтижесі айқын. Бірнеше IT додада бағын сынап,  жеңімпаз атанған батыл қыз енді грант ұтып алуға үміткер.

 

Зәйтүн Құсайынова, стартап жобаның авторы:

 

Көмекке мұқтаж адамдар өз мәселесін мына жерге жазады. Тіркеледі. Ол мына картада болады. Волонтер сол жерден көріп көмектеседі.

 

Мұнан басқа мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмыспен қамту, емханадағы кезек пен жедел жәрдемнің тез келуін реттейтін жобалар да бар.

 

Захира Бегалиева, Корпоративтік қор директоры:

 

IT саласында әр адам бірдей. Мүмкіндіктері шектеулі емес, бәріміз бірдей болып сезіне аламыз. Жоба ойда қалып кетпесін, сөз болып қана қалмасын деп балаларды жинап отырмыз. Астана хабтың менторлары оларды оқытады.

 

Қаңтар айында басталған жобаға 88 үміткер өз жұмыстарын тапсырыпты. Ал одан ең мықты деген 6 жоба таңдалды. Жартылай финалдағы топ 2 миллион теңге көлеміндегі грантты ұтып алу үшін өз бақтарын сынайды. Ал топ жетекшілері қатысушылардың жобаларын шын мәнінде жүзеге асыруға жұмыс жасамақ.

 

 

Сәуле АЛДАМҰРАТ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу