Шымкент шырайлана түспек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент шырайлана түспек

09.07.2019

Шымкент қаласының инвестициялық әлеуеті әлді болуы тиіс. Бұл – Премьер-Министрдің шаһарды ілгерілетуге қатысты берген тапсырмасы. Үкіметтің бүгінгі отырысында Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Құжатты таныстырған шаһар әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, алдағы 5 жылда Шымкенттің экономикасы қарқынды дамып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі бүгінгіден де жақсара түспек. Себебі, өңірді жаңаша дамытудың жоспары ауқымды: 10 бағыттан, 89 жобадан тұрады. Оған 1 трлн. 284 млрд теңге жұмсалмақ.

Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі. Нұр-Cұлтан, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші ірі қаласы. Бұл шаһардың өскені – ел экономикасының өркендегені. Сондықтан, 2023 жылға дейін қалада қыруар іс істелмек.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі:

Бірінші бағыт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында 30 жоба жүзеге асырылады.

Нәтижесінде, 2023 жылы ауыз сумен қамту 93-тен 98 пайызға, кәріз жүйелері 49-дан 75 пайызға, сапалы электр желісімен 91-ден 96 пайызға, газбен қамту 92-ден 98 пайызға жетеді.

Бұдан бөлек алдағы 5 жылда аймақта 20 мыңнан астам пәтері бар 319 көпқабатты тұрғын үй салынады. Жаңа 15 білім ордасы ашылып, үш аусымдық мектеп мәселесі толық шешіледі. Сондай-ақ, шаһарда бірнеше айналмалы жол салынып, сапа 60% жақсарады. Бұдан бөлек, әуежайға жаңа терминалдар салынады, ескі вокзал жөндеуден өтеді, жаңа индустриалдық аймақтар ашылады. Бұл жұмыстардың 65% жеке инвесторлар есебінен жүргізілмек.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық Экономика министрі:

Жоспар жалпы сомасы 1 трлн. 284 млрд теңгеге 89 шарадан тұрады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 299 млрд.теңге.

Жұмыс жоспарға сай жүргізілсе, 2023 жылға қарай шаһардағы жалпы өңірлік өнім 3,5 трлн теңгеге жетеді, өнеркәсіп өнім көлемі 2 есеге өседі. Жұмыссыздық төмендеп, қалада 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оған сырттан тартылатын инвестиция да сеп болмақ.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Инвестициялық және экспорттық әлеуетті одан әрі арттыру керек. Қала инвесторлары үшін магнит ретінде болып, өңірлік xабқа айналуы тиіс.

Жалпы инвестиялардың белсенді жүзеге асуының нәтижесінде инвестициялар көлемін бес жылда 1 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік жасалынады.

Шымкент қаласының туристік әлеуеті жоғары. Цитадель қалашығын дамыту мен шетелдік инвесторлардың қатысуымен xалықаралық деңгейдегі ойын-сауық орталығы мен аквапарк басқа да жобалар арқылы туристердің қоымша ағымын қамтамасыз етеді.

Аквапарк демекші, Непалдық кәсіпкер Шымкентте су бассейндерінің кешенін салмақшы. Қазіргі кезде шет елдік миллиардердің компаниясы Дубайдағы аквапарктің жобалаушыларымен келліссөздер жүргізуде. 100 гектар жерге салынатын жобаның құны – 100 млн доллар. Сәтін салса, аквапарк 2 жылдан соң қала тұрғындарын қуагышқа бөлемек.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу