Елімізде тамақ қалдықтарынан энергия өндіру ісі қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тамақ қалдықтарынан энергия өндіру ісі қолға алынды

03.07.2019

Қазақстанда таяу жылдары тамақтан қалған қалдықтардан энергия шығарылуы мүмкін. Ал жалпы бізде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі күрделі. Бүгін Елордада 4-ші Еуразиялық бизнес-форум өтті. Онда «Жасыл» энергетиканы дамыту мен қалдықтарды басқарудың негізгі трендтері талқыланды. 

 

Күн сайын елдегі мейрамхана, дәмханалардан тонналап артық тамақ қалады. Ысырапшылдықты ысыра алмай отырған қазақ қоғамында үлкен мәселе бұл. Ал оның қоршаған ортаға зияны орасан. Қалдықты қайта өңдеп, кәдеге жарату ақсап тұр. Жақында ғана құрылған Экология министрлігі бұл проблемамен білек сыбана кіріскен сыңайлы. Тамақтан қалған қалдықтан энергия өндіруге бағытталған бірқатар жобаны қолға алыпты.

 

Сәбит Нұрлыбай,  ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы:

 

Тамақтан қалған қалдықтар бар ғой. Олардан энергия шығара аламыз, биогаз шығарамыз. Сондай өндірістерді дамыту керекпіз. Бурабай және Баянауылда пилот басталып жатыр. Ол жерде органикалық заттар көп қой. Соларды ары қарай қалай өндіреміз? Сол бойынша пилотты бастадық.

 

Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратындарға бізде бақылау бәсең. Салдарынан, арнайы полигонға төгілуі тиіс қоқыстар оңды-солды шашылып жатыр. Енді бұған жол берілмейді. Өйткені, қоқысты төгетін көліктерге жаппай GPS құрылғылары орнатылмақ. 

 

Нұрай Сәтімов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің  департамент директоры :

 

ЖПС жүйесі ең бірінші қалдықтарды шығаратын маршруттарды реттейді. Яғни тапсырылған адамдардан полигонға дейін жеткізу. Астана қаласында, тағы да басқа үлкен қалаларда қалдықтарды шығару ешқандай реттеу қағаздары, құжаттары жоқ. ЖПС жоқ. Қалдығын алады да бар жерге далаға лақтырады, ол экологияға жаман зиян келтіреді.

 

Ал пластик ыдыстарды қайта өңдесе одан әшекей бұйымдардан бастап, ірі өнімдерге дейін жасап шығаруға болады. Әлемде әр 1 минут сайын 1 миллион пластик бөтелке сатылады. Бірақ, оның қайтадан кәдеге жаратылуы екіталай. Сосын қоқысты іріктеуді игере алмай келеміз. Ал дұрыс жиналмаған қоқыс қайта өңделетін шикізат ретіндегі құндылығын жояды. Бізде, қайта өңдеу көлемі 15 процентке де жеткен жоқ. Форумда айтылған жоба-жоспарларды жүзеге асыру арқылы мамандар оның үлесін бірнеше есеге дейін көбейтеміз деп отыр.

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу