«Катко» кәсіпорнының экологиялық ахуалды жақсартудағы қадамдары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Катко» кәсіпорнының экологиялық ахуалды жақсартудағы қадамдары

05.06.2018

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының аумағында уран өндіру ісімен айналысып жатқан «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға мейлінше үлес қосып келеді. Өндіріс орны бүгінгі таңда электр қуаты мен суды үнемді пайдаланудың әлемдегі үздік әдістерін қолданады. Сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, одан жасалған бұйымдарды кәдеге жаратып отыр.

Кәсіпорын уран өндіруде жерасты ұңғымалық шаймалау әдісін қолданады. «МАГАТЭ» ұйымы оны ең тиімді және зарарсыз тәсіл деп таныған. Өндіріс табиғатқа зарар тигізбес үшін су мен ауаның құрамы және топырақтың құнары  ұдайы бақылауда. Жиі-жиі сынамалар алынып, зертханада сараптама жасалады.

Жерар Фриес, бас директор:

- Өндірістік қажеттілікке байланысты оталған сексеуілдің орнына кейіннен қайта ағаш отырғызылады. Бүгінге дейін өндіріс маңына 100 мыңнан астам сексеуіл тұқымы егілді. Осылайша, біз табиғатты өз қалпында сақтауға тырысамыз.

Жұмысшылар апта сайын кен өндіру аймағында қоқыстарды жинап, төңіректі тазалайды. Жиналған қалдықтар түгелдей қайта өңдеуге жіберіледі. Автокөліктердің доңғалақтары зауытта ұсақталып, одан спорт алаңдары үшін резина төсеніштер шығарылады. Ал, пластикалық құтылардан қап, қағаз қалдықтарынан картон қаптамалары әзірленуде.

Қожамұрат Баубеков, дирекция басшысы:

- Қазір өндірісті 10-12 жылға ұзартып отырмыз. Материалдар халыққа да пайдалы. Оны қайта қолдансақ, жергілікті халыққа да, өз ісімізге де пайдалы.

 «Катко» табиғатты аялауға байланысты Созақ ауданындағы білім ұяларымен бірлесіп, көптеген шаралар өткізіп келеді. Былтыр «Ыбырай Алтынсарин» мектебінде оқушыларымен экологиялық сабақтар өткізілді. Оларға кәсіпорында баламалы энергия көздерін пайдалану технологиялары таныстырылды. Оқу ордасының айналасына ағаштар егілді.

Рауан Назаров, биология пәнінің мұғалімі:

- Көбіне түсіндіру жұмыстары табиғатты қорғауға, оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, мектеп ауласына көшеттер егуге байланысты жүргізілді.

Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде  қазір вахталық қалашықтың төңірегі жасыл желекті аймаққа айналған. Ағаштарды көгертуге асханадағы тамақ қалдықтарынан өндірілген минералды тыңайтқыш шашылады. Ал, көгалды суаруға кәріз суы тазартылып барып жіберіледі. Ол үшін Төртқұдық пен Мойынқұм учаскелерінде арнайы сүзгілеу, тазарту станциясы салынған. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу