Браконьерлермен күресте министрліктер мен құқық қорғау органдары бірлесетін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Браконьерлермен күресте министрліктер мен құқық қорғау органдары бірлесетін болды

28.06.2019

Браконьерлермен күресте министрліктер мен құқық қорғау органдары бірлесіп әрекет ететін болды. Әйтпесе, киікті оққа қиятындар қатары азаймай тұр. Тіпті түрмеге жабу мен бір қарақұйрық үшін 9 миллионнан астам айыппұл төлеу де қаскөйлерге тосқауыл бола алмай отыр. Олар жапан дала түгілі қорықтағы жануарларды жаралаудан тайынбайды.

Қызыл кітапқа кірген жануарларды қызыл қанға бөктіру тиылар емес. Қаскөйлер айызы қанбай айылын жимайды. «Шарын» ұлттық тарихи паркінде мұздай қаруланған адам ұсталды. Мотоциклмен қашпақ болған оны қорықшылар қоршап қолға түсірген.

 

Ернұр Ахметов, «Шарын» мемлекеттік ұлттық тарихи паркінің директоры:

 

Бір автомат калашников АК103 маркалы қару тәркіленді және қарақұйрыққа ұқсас аңның денесі тәркіленіп, одан кейін тағы да зерттеу жұмыстары кезінде қарақұйрық тектес аңның басы, терісі және ішек-қарны, құйрығы табылды.

 

Ал табиғи паркте аң атқанның арқалайтын айыбы да ауыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе келтірген шығынына 9 миллион 90 мың теңге өтейді. Мұнымен құтылмауы да мүмкін. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

 

Тұраржан Махамед, Ұйғыр аудандық ІІБ аға тергеушісі:

 

Шарын ауылының тұрғыны 31 жастағы азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің екі бабымен қылмыстық іс қозғалған. Бір бап бойынша 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру немесе шектеу көзделген. Екінші бап бойынша да 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру немесе шектеу көзделген.

 

2016 жылы осы Шарында 6 қарақұйрық атылған. Атқан адам 12 миллион теңге төлеп, 3 жылға шартты түрде сотталған болатын. Ал былтырдың өзінде 77 қылмыстық факті анықталып, 500 ақбөкен мүйізі тәркіленді.

 

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

 

Министрлік Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, браконьерлікпен күрестің қысқа және ұзақ мерзімді шараларын қабылдады.

 

Дала жануарларына пана болу — табиғат жанашырларының да басты ұстанымы. Олар ақбөкендердің санын 215 мың басқа жеткізді. Яғни 2017 жылдан 41 пайызға артық.

 

Нысаналы Ығыл

 

Хабарламаларға жазылу