Батыс Қазақстанда қымызмұрындық этнофестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда қымызмұрындық этнофестивалі өтті

17.06.2019

Батыс Қазақстан облысында тұңғыш рет «Қымызмұрындық-2019» этнофестивалі өтті. Көнеден жеткен алғашқы қымыз ішу мерекесі дүркіреген тойға ұласты. Сайысқа түскендер бал татыған сары қымызды сапырып, көпке ұсынды. Саумал ішіп, саулығын нығайтқандар да бар. Өңірдегі тілшіміз Ардақ Мұратқызы фестивалді көріп, көңілге тоқып қайтты.

Жаз шыға желіге құлын байлап, қымыз ашытқан қазақ оның дәмін алғаш болып өзі татпаған. Ауыл ақсақалдары мен көрші-қолаңды жинап, қонақ жасаған. Бұл қымызмұрындық рәсімі деп аталған. Бүгінде бұл дәстүр жаңғырып, қайта түледі. Теректі ауданында «Қымызмұрындық-2019» атты дүркіреген той өтті.

Аймақта тұңғыш тойланған мерекеге ел-жұрт көп жиналды. Басты сайыс – қымыз сапасы бойынша. Сөреге бие сүтінің түр-түрі қойылыпты. Қатысушылар қымыздың жасалу әдісін жарыса айтты. Күбіні киікотымен, тобылғымен ыстап, құйрықмай, қаймақпен майлайтындарын көпшілікке түсіндірді.

Ақмарал Хафизова, сайысқа қатысушы:

 Күбінің ішіне қаймақ жағамыз. Пысытамыз. Сүтті құйып, бір тәулікке ұстаймыз, ашытамыз. Саумал ішеді көбі, емдік қасиеті бар деп. Саумалды, яғни сол күнгі бие сүтін алып, ішуге болады.

Ақмоншақ Жұмаева, сайысқа қатысушы:

 Түнемелі қымыз және бесті қымыз әкеліп отырмыз. Түнемелі —  бұл біркүндік қымыз, тұщы қымыз деуге болады. Және бесті қымыз бұл әбден иі қанған ащы қымыз. Көбіне 3-4 күнгі қымызды бесті қымыз дейді. Қымыздың түрі көп. Аттың құнарлы шөпті іздеп жүріп жейтін кезі, қазіргі қымыздың барлығы уыз қымыз деп саналады.

Қымызмұрындық мерекесі адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енді. Ұлтық сусынды дайындау тәсілі - атадан балаға мирас.

Алина Бекенова, оқушы:

Біз былтырдан бие сауып бастадық. Бізге әкеміз үйретті. Ағам мен інім бие сауады. Мен араластырғанды ұнатамын. Біз ата-бабамыздың ізін жалғастырып жатырмыз.

Қай той бәйгесіз өткен!? Ауылдық ағайын тай жарыс, құнан жарыс, топ бәйге мен аламан бәйгеде ат оздырды. Қыз қуу, аударыспақ, қазақ күресі, асық ату, қой көтеру секілді ұлттық ойындар да мерекенің көрігін қыздырды.

 Жаңылсын Сыйықова, Алматы қаласының тұрғыны:

Қыз қуу мен ат жарыс өте тамаша өтті. Енді мына халық өте көп жиналған. Тамаша, ризамын. Қымыз іштім, қымыздың дәмі кәдімгі ысталған қымыз өте риза болдым.

Төрт түлікті тіршілігінің тірегі етіп, төл кәсіпті түлеткен үздіктер жүлделі болды. Алғашқы қымыз ішу рәсімі —  жәй ғұрып емес, болмысты тану, рухты көтеру, дәстүрді жалғау. Мерекеге тәнті болған көпшілік «ізгі шара жылда жалғасын тапсын» деген тілекпен тарқасты.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу