Қарағандылық түлектер туған ауылына ойын алаңын тарту етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық түлектер туған ауылына ойын алаңын тарту етті

10.06.2019

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Ақжол ауылында жастар балаларға ойын алаңын тарту етті. Оған қалаға көшіп кеткен азаматтар да атсалысқан. Биыл бұл елді мекенде Жастар жылына орай бірқатар игі істер атқарылуда. Әр жылы мектеп бітірген толқын бірігіп, қаржы жинаған. Осылайша асарлатып, мешітке көмек беріп, ауыл ішін абаттандыруға кіріскен.

Алдағы уақытта тіпті жастар көңіл көтеретін алаң салынбақ. Ақжол ауылында Кеңес Одағының батырлары Мартбек Мамыраев, Петр Теряев, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Еңбек ері Нұрбақыт Қабдыкәрімова, әйгілі өнер иелері Қалибек Қуанышбаев, Рақия Қойшыбаевалар дүниеге келген. «Осындай танымал тұлғалар шыққан ауылдың атына сай болу, әрі қарай гүлдендіру - міндетіміз», -дейді жастар.

Ринат Шаймұхаметов, ауыл тұрғыны:

- Қаладағы, даладағы адамдар - барлығымыз жиналып биыл, міне, Жастар жылында балалар алаңын аштық. Әлі алға қойған мақсаттарымыз бар. Ақжол деген кіреберіске арка қойғымыз келеді. Жастар алаңын ашамыз деп отырмыз. Биылғы жылдың жоспарында бар барлығы.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу