Өскеменде 200-ге жуық жас отбасы былтырдан бері өз пәтерлеріне қоныстана алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде 200-ге жуық жас отбасы былтырдан бері өз пәтерлеріне қоныстана алмай жүр

06.06.2019

Арман болған баспана. Тұрғын  үй жинақ банкімен келісімшарт жасап, ай сайын депозитке ақшаларын салса да, көпқабатты  үй құрылысы  ұзаққа созылып кетті. Мердігер компания мен қалалық әкімдіктің уәдесінен шаршаған жұрттың айтуынша, жаңа баспана сапасыз салынған. 

3 баланың анасы Айнұр Кенжехан - жаңа пәтерге үміткерлердің бірі. Қазір отбасымен баспана жалдап тұрып жатыр. Оның ақысымен қоса, ай сайын банктегі депозитке ақша салады. Мына көпқабатты тұрғын үй болса әлі пайдалануға берілген жоқ.

Айнұр Кенжехан, қала тұрғыны:

2018 мамыр айында берілу керек болған, жоқ. Ай сайын бізге осылай уәде береді, әлі жоқ.

9 қабатты тұрғын үйдің іргетасы осыдан 5 жыл бұрын қаланған. Алайда, қаражат уақытылы бөлінбегендіктен, негізгі құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталады. Ал қалалық атқарушы билік өкілдері биыл бұл нысан пайдалануға беріледі деп сендіріп отыр.

Тамара Рахимжанова, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

Күнделікті бақылауда ұстап отырмыз. Тәңертең және кешке келіп, атқарылған шаруаны тексереміз. Жұмыстың басым бөлігі аяқталған, 2 блоктың 2 қабатында ішкі әрлеу жұмысы қалды.

Тұрғындар қазірден бастап жаңа баспананың сапасына да шағымданып жатыр.  Мысалы, жаңбыр жауса, бұл үйдегі терезелердің алды суға толып кетеді дейді. Сондықтан, жұрт жергілікті биліктің уәдесіне де, құрылыс сапасына да күмәнмен қарайды. 

Майсара Башиқова, қала тұрғыны:

Кім не айтып тұрса, ішімнен өтірік айтып тұрсың-ау деп ойлап тұрамын. Өте қиын жағдай. Сапалы істелмеген, су аққаны бар. Ішінде кемшіліктер бар.

Билік өкілдерінің айтуынша, мердігер компания барлық кемшіліктерді өзі жояды. Егер оған көнбесе, оған заң бойынша шара қолданылады. Ал пәтер жағалап жүрген жұртқа күтуден басқа амал жоқ.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу