Қызылорда облысында 16-дағы жасөспірім суға кетіп, қаза тапты. Тағы екі бала шағын көлшікке батып кетті. Олардың біреуінің жасы 4-те, екіншісі - 8-де. Жалпы, жыл басынан бері 8 адам тілсіз жаудың құрбаны болса, соның бесеуі - бала. Құтқарушылар өзен бойына жиі рейд ұйымдастырып, жұртшылықтың қауіпсіздігі үшін жұмыс істегенімен, нәтиже болмай тұр.
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Облыс аумағында Сырдария өзенінен басқа 19 канал және 500-ден астам су айдыны бар. Бірақ арнайы жағажай - үшеу. «Адамдардың суға кету фактілерінің көп болуы осыған тікелей байланысты»,- дейді мамандар.
2-сынып оқушысы, 14 жастағы жасөспірім, балық аулауға барған азамат. Санаулы күн бұрын үшеуі де тілсіз жаудың құрбаны болды. Ал суға кеткен адамның мәйітін табу құтқарушыларға оңай болмай тұр.
Бақыт Ембергенов, Оңтүстік өңірлік аэромобиль жедел құтқару жасағының басшысы:
Судың асты бізде көрінбейді. Сырдария өзені мөлдір емес, асты көрінбейді. Қандай шұңқыр бар екені көрінбейді. Бетондар көп. Ол біздің қайықтарды тесіп жатады. Суға кеткен адам бетон астында қалып қоюы мүмкін. Сосын Шіркейлі каналы өте қауіпті. Тереңдігі 7-8 метрге дейін, ағыс өте күшті.
Қазір облыс аумағында 64 арнайы жағажай бар. «Алайда қалың көпшілік белгіленген аумаққа баруға ерінеді», - дейді құтқарушылар. Балаларына атүсті қарайтын ата-аналар да бар.
Омар Бержанов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
Суға кетудің басты себебі – балалардың суда жүзе білмеуі және тыйым салынған жерлерге суға түсу. Екінші - ересектердің ішімдік ішіп, суға түсуі. Күн ыстық болғанымен, судың температурасы салқын. Соған байланысты тұрғындардың, әсіресе балалардың суға кету фактілері болып жатыр.
Жағдай күрделеніп бара жатқандықтан, құтқарушылар өзен бойына жағалай кезекшілік ұйымдастыруда, қауіпсіздік ережелерін насихаттап, түсіндірме шараларын жүргізуде. Қазір өзен аумағында судың астын тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ