Қызылорда облысының 2022 жылға дейінгі кешенді даму жоспары бекітілді. - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысының 2022 жылға дейінгі кешенді даму жоспары бекітілді.

03.06.2019

Елбасының тапсырмасымен қабылданған кешенді жоспар 12 бағытты қамтиды. Соның бірі - су шаруашылығы бойынша құны 14,7 миллион теңге болатын 15 жоба жүзеге асырылады. 

Қызылорда су торабы 1956 жылы салынған. Содан бері бір де бір рет жөнделмеген. Қазір апатты жағдайда. Егер су торабы істен шықса, жалпы 400 мыңнан астам тұратын 35 елді мекенді су басу қаупі бар. Сондықтан мәселе өте өзекті. Теңіздің теріскей бетінен бой көтерген Көкарал бөгеті де күрделі жөндеуді қажет етеді. Нысан тез арада жөнделмесе, теңізден береке кетеді. 

Болат Арыстанбаев, «ҚазСушар» РМК ҚОФ директоры:

Балықтың өлімін азайту, суды дұрыстап пайдалану, оның тұщы суын Үлкен теңізге жіберу, балықты Үлкен Аралға қырылмайтындай етіп жағдай жасау. Жобаға 105 миллион бөлінейін деп жатыр.

Министр Жаңақорған және Шиелі аудандарын сумен қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылы салынған үрлемелі бөгетті де көрді. Бұл бөгеттер арқылы  оңтүстік аудандарда пайдаланылмаған 60 мың гектар егістік және жайылымдық жер  игерілді. Енді «Күміскеткен», «Қараөзек» су қоймаларын қайта салу керек.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Облыстың берген ұсыныстарын қолдаймыз. Біз Қызылорда облысының суармалы жерлерінің көлемін көбейтеміз деп жатырмыз. Соның бәрін әкімшілікпен бірігіп, жоспар жасадық. Ол жоспар бойынша жұмыс істейміз.

Облыста балық аулау көлемі 2000 жылдан бері 20 есеге артты. Арал ауданында 8 балық өңдеу зауыты бар. Жылына 11 мың тонна өнім дайындалып, экспортталады. Министр балық зауытында болды, онан кейін  «Рза» сүт зауытының жұмысымен танысты. Өндіріс орны Голландия, Ирландия және Германияның озық технологияларымен жабдықталған.  Тәулігіне 30 тонна сүт өңделеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу