Жыл сайын елімізде 600 мыңнан астам адам түрлі жарақат алады. Оның 22 пайызы - балалар. Мұндай деректі еліміздегі Біріккен Ұлттар ұйымының Балалар қоры және Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы келтіріп отыр. Бүгін елордада осы мәселеге қатысты дөңгелек үстел өтті. Бала қауіпсіздігіне қатысты алаңдатарлық жағдайлар талқыланып, халықаралық тәжірибелер айтылды.
Дамина Сүлейменова жақында ғана бастауыш сыныпты бітірді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ата-анасымен көлік апатына ұшыраған. Қауіпсіздік белдігін тақпағандықтан, қатты жарақаттаныпты. Абырой болғанда, аман қалды. Бүгін жиынға келіп, өз басынан өткен оқиғасымен бөлісті.
Дамина Сүлейменова, оқушы:
- Көліктің артында, ортаңғы орында отыр едім. Кенеттен машинамыз соқтығысып, жол апаты болды. Денем жарақаттанды, мына тыртықтар сол кезден қалған. Қазір кез келген жерде қауіпсіздік шараларын сақтап, айналама қарап жүруді ұмытпаймын.
Қазақстанда жыл сайын әр 100 мың баланың 22-сі түрлі жарақаттан қайтыс болады. Ал 150 мыңнан астам бала жарақаттанып, соның 75 пайызы емханаға түседі. Денеге зақым, ең бірінші құлаудан, одан кейін көлік апатынан келеді екен. Үшінші себеп - суға бату, кейінгісі – күйік шалу.
Нәсима Жүнісова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бөлім басшысы:
- Мұның бәрі нені көрсетеді? Мұның бәрі ата-аналардың аса көп көңіл бөлмейтініне, яғни 4 жасқа дейінгі балалардың тұншығып қалуы деген, суға бату деген – бала белгілі бір уақыт мөлшерінде қараусыз қалды деген сөз.
Фариза Мұсақызы, тілші:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 4 жасқа дейінгі балаларды 5 минуттан артық назардан тыс қалдырмауға кеңес береді. Ал Қазақстанда жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша елімізде балақайлар 41 минутқа дейін ата-анасының қарауынсыз қалады екен. Ресми мәліметтерге қарағанда, оқыс оқиғалардан көбінде балалардың аяқ-қолы мен басына зақым келеді.
Джоан Винсентен - ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сарапшысы. Қазақстанның 8 өңірінде 14 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары арасында сауалнама жүргізген.
Джоан Винсентен, ЮНИСЕФ және ДДСҰ-ның халықаралық сарапшысы:
- Сауалнама қорытындысы бойынша Қазақстандағы ата-аналардың 84 пайызына балаларын қауіп-қатерден қорғау қиынға соғады екен. Оған тұрмыстық жағдай себеп, яғни қолдары тие бермейді. Ал 82 пайызы кінәні инфрақұрылымның сапасыздығына артады.
Қалай болғанда да, бала қауіпсіздігі мәселесі артында ұлт саулығы, халықтың демографиясы мен ел болашағы тұр. Сондықтан мамандар аталмыш жайтқа бейжай қарамауға шақырып отыр.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ