Алматы облысында балық шаруашылығының бағы мен бабы келіспей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында балық шаруашылығының бағы мен бабы келіспей тұр

29.05.2019

Балқаш пен Алакөлдің балықшылары жыл сайын көлден тонналап балық аулап жатқанымен, қайтарымы жоқ. Ауылдағы ағайын, бүйте берсе көлде балық қалмайды деп дабыл қағып отыр. Себебі, дария маңында шабақ өсіріп, қайранға қайта жіберу мәселесі кенжелеп қалған. Бір кездері дүркіреп тұрған балық шаруашылығының тамырына қан жүгірту үшін мемлекеттік қолдау қажеттігін айтады.

Кенжехан аға мен Күлтай апа зейнетке шықса да жылына бір уақыт ауылға келіп, сазан балығынан уылдырық алып, өсіріп көлдегі балықты еселеуге ат салысып келеді. Көл маңындағы жалғыз шабақ өсіру цехы 70-ті алқымдаған қарияларды Алматыдан арнайы алдыртады. Себебі қазір ондай маман аудан тұрмақ облыста жоқтың қасы.

Күлтай Тұқатова, зейнеткер-ихтиолог:

Балаларды оқытып, мамандарды дайындамаса балықтың жоғалып кетуі мүмкін. Үкімет қолдау керек осыны. Балаларды оқуға жіберіп, мына балаларға маман тауып берсе, жұмысты ары қарай әкетеді.

Кенжехан ақсақал еңбек жолын осы көлде 40 жыл бұрын бастаған. Кей жылдары 55 мың тонна балық аулап, рекорд жаңартқан кездердің куәсі де болды. Ал қазір балық азайған.

Кенжехан Төлегенов, зейнеткер-ихтиолог:

Бәрі ыдырады. Бәрі жекеменшікке айналып кетті. Содан бері азайды балық. Көлемі азайды. Өйткені, бұрын колхоз, совхоздар егін ексе, қазір бәрі балықшы болып кетті.

Сондықтан қазіргі ең тиімді жол - балықты қолдан ұрықтандыру. Цехтан жыл сайын 3 миллион дернәсіл (личинка) шығарылып, көлге жібереді.

Табиғи жағдайда балық шашқан уылдырықтың 30-40 %-ы өміршең болып, көлге бейімделеді. Ал қолмен ұрықтандыру барысында балықтың 90%-ы уылдырығы шабаққа айналып, көлге жіберіледі.

Көл жағасында жан бағып отырған шаруашылықтар әзірше осылай амалдауға мәжбүр. Мемлекеттен қолдау болмай, жағдай оңала қоймас,- дейді қожалық жетекшісі Ержан Қаженов.

Ержан Қаженов, шаруа қожалығының жетекшісі:

Үкіметтен ешқандай қолдау болып жатқан жоқ. Енді көмектесеміз деп жатыр. Субсидия болсын, дотация болсын сондай дүниелер болса, көмектері болса жақсы болар еді.

Алайда, қазір қолдау тек жабық тоғандарда балық өсірушілердің  жем-шөп шығынының 30 %-ын субсидиялаудан аспайды. Биыл өңірде бұған 40 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Ал ашық көлдегі шаруалар мәселесі Үкімет деңгейінде де ашық қалып отыр.

Саят Сақмолдин, Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Өкінішке орай, үлкен шаруашылықтарға ондай қағидада көрсетілмеген. Алдағы уақытта егер де мына қағидаларға өзгерістер енгізілетін болса, министрлік тарапынан, қолдау болатын шығар деп ойлаймын.

Алматы облысының көлдеріне былтыр мемлекеттік тапсырыспен 676 мың,  ал табиғат пайдаланушылар күшімен 575 мың шабақ жіберілді. Ал өңірдегі балықшы саны 600-ге жуық.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу