Астанада 4 жастағы бала кәріз құдығына құлап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 4 жастағы бала кәріз құдығына құлап кетті

15.02.2019

Абырой болғанда, бүлдіршінді сол маңнан өтіп бара жатқан оқушылардың бірі құтқарып алған. Екі ай бұрын ғана 14 жасар қыз бала ашық тұрған кәріз құдығына түсіп, қайтыс болған еді. Содан кейін әкімдік қаладағы барлық құдықтардың қақпақтарын жаптық деп сендірген. Ал, бүгін аулада ойнап жүріп, белуардан суға толған құдыққа құлаған бала қазір ауруханада жатыр.

Нәдір Омарғазиев таңертең мектептен келе жатып, осы жылап тұрған келіншекті көрген. Сыныптасы екеуі алдымен қол жалғап құдықтан баланы тартып алмақ болған. Алайда, құдықтың тереңдігі төрт метрдей екен. Сондықтан шешініп, салқын суға түскен.

Нәдір Омарғазиев, оқушы:

- Бірінші мен қолмен алып шығамын деп ойладым. Қолым жетпегесін, ішіне түстім. Су мұздай екен.

Бұл маңда бұрын жеке гараждар болған. Құдық та біраздан бері ашық-шашық жатқан. Оны осы маңдағы адамдар айтты.

Нәдір Омарғазин көпбалалы отбасының үлкені екен. Бес бауыры бар. Әке-шешесіне көмектесу үшін биыл орта мектептен кешкі мектепке ауысыпты.

Балхия Төребекова, №39 кешкі мектеп директорының орынбасары:

- Біз Нәдірдің сондай, көмек қол ұшын беруге дайын оқушы екенін білеміз. Білім басқармасы жағынан да марапатқа ұсыныс жасаймыз.

Ал, құдыққа түсіп кеткен 4 жастағы баланың жағдайы туралы Денсаулық сақтау басқармасы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Тіпті қандай ауруханаға жеткізілгенін де айтпай отыр.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу