Атаулы әлеуметтік көмек алуға 150 мыңға жуық адам өтініш берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атаулы әлеуметтік көмек алуға 150 мыңға жуық адам өтініш берген

03.05.2019

Көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге биыл 130 млрд теңге бөлінетіні белгілі. Осы уақытқа дейін республика бойынша 150 мыңға жуық отбасы әлеуметтік қамқорлықтың осы түрін алуға өтініш беріп үлгерген.

Айгүл Әбжалиеваның отбасында қос қуаныш. Біріншісі - көпбалалы анаға қала әкімдігі екі бөлмелі жатақхана беріпті. Екіншісі - алғашқылардың бірі болып жаңартылған есеп бойынша атаулы әлеуметтік көмек алған. 4 балаға 97 800 теңге түсіпті. Енді баспанаға қаржы жинаймыз дейді. Ол үшін әуелі кәсіп бастауды көздеп отыр.

Айгүл Әбжалиева, көпбалалы ана:

- Біз енді жолдасым екеуміз кәсіп бастасақ дейміз, асхана ашсақ деп отырмыз. Атаулы әлеуметтік көмек біз үшін кәдімгідей көмек болды.

Әсел Сәрсенбаева - 8 баланың анасы. Пәтер жалдап тұрады. Елордаға 4 жыл бұрын қоныс аударып, тіркеуге тұрған. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін неке куәлігін және балаларының құжаттарын тапсырған. Комиссия келіп жағдайымен танысқан. Жақында есепшотына 186 000 мың теңге қаражат түсіпті.

Әсел Сәрсенбаева, көпбалалы ана:

- Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек бізге үлкен қолдау болды. Енді балаларымды қосымша үйірмелерге беруге мүмкіндік бар. Бала-шағамның несібесін өздеріне жұмсаймын. Жолдасым еңбек етеді. Бірақ, табысы айтарлықтай көп емес. Сондықтан мұндай қолдау аз қамтылған жанұяларға көп керім көмек.

Үкімет өкілдері мен қала басшылығы елордадағы көпбалалы аналармен арнайы кездесу өткізді. Бірінші кезекте атаулы әлеуметтік көмек алудың тәртібін жан-жақты баяндап берді. Әңгіме арасында әлеуметтік саясаттың ең негізгі діттеген мақсатын түсіндірді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Біз нәрсені еш уақытта есімізден шығармауымыз керек. Мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуіміз керек. Біз осы атаулы әлеуметтік көмекті көбейтудің арқасында елімізде масылдықты көбейтіп алмауымыз керек. Сондықтан жергілікті билік өкілдерімен әлеуметтік карта жасап жатырмыз.

Яғни, елорда әкімдігі көпбалалы аналардың кәсіп бастауына көмек көрсету үшін арнайы жол картасын әзірлеген. Атап айтқанда, мемлекеттен берілетін гранттар мен жеңілдетілген несие алып, бизнес идеяларын іске асыруын толық сүйемелдемек.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы отбасылардың мәселесі еш уақытта ескерусіз қалмайтынын және оны жүйелі түрде шешудің жоспары дайын екенін жеткізді. Яғни, жәрдемақыдан тыс, кәсіппен айналысуына, баспана алуына жол сілтемек. Осы ретте, арандатушыларға еріп айқайға баспай, керісінше бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігіп әрекет етуге шақырды.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу