Қазақстандық оқушылар экологиялық проблемаларды шешуге атсалыспақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық оқушылар экологиялық проблемаларды шешуге атсалыспақ

19.04.2019

Қазақстандық оқушылар экологиялық проблемаларды шешуге атсалыспақ. Елордада  жас өрендер табиғат ананы таза ұстап, қоқыстарды жинауға арналған жобаларын таныстырды. Оқушылар бұл бағыттағы мәселелерді шешу үшін роботтарды кеңінен қолдану керек деп есептейді. Бірі су айдынындағы пластиктерді жинауға арналған құрылғы ойлап тапса, енді бірі қайта өңдеуге арналған өз еңбектерін көпшілік назарына ұсынды.

Балалар мен ата-аналарға арналған «Болашақтың эко-көпірі» атты  форумда дұрыс тамақтану, әлеуметтік жарнама, эко-қолөнер сынды маңызды бағыттар да назардан тыс қалған жоқ. Ісмер жастар қалдық заттардан тұрмысқа қажетті жабдықтарды жасауға болатынын көрсетті.

Игі шараға қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту Қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Әлия Назарбаева да қатысып, оқушылардың жұмысына сәттілік тіледі. Үздік деп танылған жоба авторлары «Климаттық сандықша» атты халықаралық байқауға жолдама алып, арнайы грантқа ие болады.

Жасұлан Аманбай, оқушы:

Болашақта бұл роботты мен жетілдіргім келеді. Бұл табиғатта қоқысты жинауға арналған робот болып есептеледі. Бұл шөлді далада, орманды далада жұмыс істей алады. Себебі, ол бізде датчиктер қолданылады. Тепловизормен датчиктер болады.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу