Аяқталмаған құрылыс балалардың ойын алаңына айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аяқталмаған құрылыс балалардың ойын алаңына айналды

11.04.2019

Аяқталмаған құрылыс балалардың ойын алаңына айналды. Өскеменде бірнеше жыл бұрын іргетасы қаланып, бірақ соңына дейін салынбай қалған нысан бар. Қаланың 19-ықшам ауданында орналасқан ол нысанның қала көркін бұзып тұрғаны аздай, тұрғындардың, әсіресе балалардың өміріне қауіп төндіріп тұр. Осы өңірдегі тілшіміз Берік Көшербай мәселенің мән-жайын анықтап қайтқан репортажына назар аударайық.

Құрылысы тоқтап қалған ғимараттың ішінде бала толып жүр. Көбі  камераны көріп қаша жөнелді. Жалпы, бұл жер жастардың ойын алаңына айналғанына біраз жыл болыпты. Балалар құрылыс алаңына күнде кіреді, өйткені қауіпті  нысан бірнеше тұрғын үйдің тура ортасында тұр.

Ермек Қасқабасов, қала тұрғыны:

Көшеде қаңғып жүрген адамдар да кіріп кетеді. Ішінде өрт те болды. Көршілеріммен қуып жүреміз, ішіне кіргізбей. Балалар ойнайды, секіреді, төбесіне шығады. Қазір бір секіретін ойын бар ғой, олар да бар осы жерде.

Балалардың өміріне алаңдаған ата-аналар қауіпті учаскені өз күштерімен қоршауға тырысқан. Алайда, жұқа қаңылтырдан жасалған қабырға қатты желге шыдас бермей құлап қалыпты. Сондықтан, құрылысы бітпеген ғимараттың ішіне кіру аса қиын емес.

Берік Көшербай, тілші:

Мен қазір осы құрылысы бітпеген нысанның ең үстінде жүрмін. Бұл жерде абайсызда мертігіп қалу қаупі әр қадам сайын деп айтуға болады. Себебі, ортада осындай үлкен тесіктер өте көп. Мысалы, мұнда байқамай біреу құлап кетсе, ол төменге қабатқа емес, бірден жертөлеге түседі.

Жалпы, бұл жерде көп қабатты тұрғын үй салыну керек болған. Бірақ, фирма басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жұмыс тоқтап қалған. Соңғы уақытта бұл нысан мүлде иесіз және қараусыз қалыпты. Атқарушы билік жағдайға қанық. 

Әлібек Тұрсынбетов, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

Әлеуметтік желідегі видеодан көрдік балалардың жүгіріп жүгіріп, ойнап жүргенін. Сондықтан, осы мәселе бойынша құрылыс бөлімі жұмыс істеді. Сол маңайдапғы мектеп оқушыларымен, ата-аналарымен сөйлесіп, қауіптілігі түсіндірілді.

Әкімшілік түсіндіру жұмыстарын жүргізсе де, тұрғындар балалардың қауіпті акробатикасын терезеден әлі күнге дейін  тамашалайды. Сот қауіпті нысанды бұзу туралы шешім шығарған, бірақ әзірге мұнда ешқандай жұмыстар басталған жоқ. Осы нысанмен қоса, жолдың арғы бетінде бос тұрғын ғимарат мәселесін де шешу керек, дейді ата-аналар. Себебі, бұл жер де балалар ойнайтын, үй-күйі жоқ адамдардың көп жиналатын орнына айналған, дейді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу