Астанада аяқталмаған құрылыс нысандарының жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада аяқталмаған құрылыс нысандарының жәрмеңкесі өтті

01.11.2017

Астана әкімдігі мен қалалық прокуратура аяқталмаған құрылыс нысандарының жәрмеңкесін өткізді. Оған ел аймақтары мен шетелдерден келген 70-тен астам инвестор қатысты.

Жәрмеңкеге 21 құрылыс нысаны ұсынылды. Демек,  Астанадағы  2 мыңнан астам үлескердің мәселесі шешілуі мүмкін. Бұл үйлердің тарихы әр түрлі. Мәселен, біреуінде құрылыс 2014 жылы тоқтаса, енді бірі 2006 жылдан бері сол күйі тұр. Ал, салымшыларды сан соқтырып кеткен құрылыс компаниясы басшылары болса, бүгінде темір тордың ар жағында отыр.

Темірлан Әділханов, қалалық прокуратураның  бөлім прокуроры:

 - Құрылыс компанияларының басшыларына қылмыстық іс қозғалған. Көбісі қазір сотталды. Бүгінгі уақытта 29 адам сотталған.

Бүгінгі шараға 70-тей инвестор қатысты. Арасында өңірлік құрылыс компаниясының басшылары да бар. Жиналған кәсіпкерлерге жобалар жеке таныстырылып, бос алаңдар,  жер телімдері көрсетілді. Мәселен, осындай жәрмеңкенің бірі арқылы Асылхан Өтеновтің компаниясы  құрылысы тоқтап қалған «Байтау» тұрғын үйін жалғастырып салып жатыр. 

Шара осымен 4-ші рет өткізіліп отыр. Алдыңғы үшеуінің де нәтижесі бар. Соның арқасында Астанадағы құрылысы бітпей тұрған 6 тұрғын үй кешеніне инвестор табылды.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу