Байқоңыр қаласында қордаланған біраз мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байқоңыр қаласында қордаланған біраз мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді

11.04.2019

Байқоңыр қаласында қордаланған біраз мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Бүгін Парламент Сенатында Ресей жалға алып отырған қалада Қазақстанның мекемелерін көбейту, кәсіпкерлер кезігіп отырған салықтық және өзге де ауыртпалықты жеңілдету сияқты мәселелер айтылып, талқыға салынды.

Қаланы Қазақстанның қарауына қалдырып, тек зымыран ұшыратын аумақты ғана жалға беру керек деген де ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, осы жиында елдің шекаралас аумақтарындағы өткізу пункттерін жаңарту үшін Қытайдан несие алу жайы қарылды. Тілші сюжеті. 

Қытайдан қомақты қарыз алуға қатысты ұсыныс қабылданды. 2 млрд юань, яғни 100 млрд теңгеден астам қаражатқа 9 автомобиль және теміржолдағы өткізу пункті жаңғыртылады әрі техникалық тұрғыдан жарақтандырылады.

Бұл логистикалық әлеуеті күшті ел үшін шешілуі тиіс негізгі мәселе. Әйтпесе көлік ағыны артқан сайын қозғалыс айтарлықтай қиындап жатыр. Бірақ халықтың ойындағысын сенатор ортаға салды. 

Динар Нөкетаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Несиені кешіктірген немесе төлемеген жағдайда Қазақстанға қандай жауапкершілік жүктеледі?

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі:

Ол стандартты жауапкершілік. Мысалы төлем төленбесе әр күніне 2% өсімпұл қойылады. Жеңілдетілген несие ғой. Алғашқы 5 жыл тек процентін төлейтін боламыз. Оның 2%-ы бір күніне 46 млн тг құрайды. Бірақ ондай қауіп жоқ. Неге десеңіз біз несиенің өтеуін республикалық бюджетте қарастырамыз.

Бұдан соң сенаторлар Байқоңыр мәселесін қарады. Қала аумағында еліміздің мемлекеттік мекемелерін көбейту көзделген. Бұрын тек 8 болса, тағы 10 органмен толықпақ.

Министрлік Сенаттан соны ратификациялауды сұрады. Бірақ, бұл жалға берілген қаладағы тұрғындардың қордаланған мәселесін шеше ме?  Өйткені, 1995 жылдан бері қарай ғарыш айлағы бойынша 18 ратификация мен құқықтық акті қабылданыпты.  

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Тариф мәселесі өте қымбат, екінші Байқоңыр қаласында кәсіпкерлер несие алу үшін жерлерінің жалда тұруына байланысты банктерге ғимараттарын қоя алмайды. Біз бұл мәселені 10 жыл бойы көтеріп келеміз. Ол шешілген жоқ. Үшінші қосарланған салық төлеу туралы. 12% Қазақстанға төлейді, 20% Ресейге төлейді. Тауар 32% қымбаттап шыға келеді.

Төртінші, Байқоңыр қаласының инфрақұрылымы. Осы кезге дейін Ресей бір тиын ақша салған жоқ. Біз сала алмаймыз жалда тұр. Бесінші есіңізде болса, 2013 жылы протон ракетасы құлап ауаға 600 тонна гептил жағылды. Сол кездегі біздің министрлік оның шығынын 13 млрд-тің үстінде деп есептеп берген. Бірақ әлі хабар жоқ.

Гептилдің салдарына қатысты Ресеймен бірлескен бағдарлама әзірленген. Сөйтіп, жерді қалпына келтіру, адамдардың денсаулығын бақылау мен қоршаған ортаны қорғау жұмыстары оңтайлы орындалды. Ал қалған проблемалар үнемі назарда,-дейді.

Марат Нұрғожин, ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы:

Қаланы жалға беруді бірте-бірте тоқтату туралы мәселе Қазақстанның күн тәртібінен түскен жоқ. Біз оны елдегі мемлекеттік органдармен пысықтап жатырмыз. Алдын ала Роскосмоспен де ауызша талқылау өткіздік. Жеке баяндауға дайынбыз. Бұл оңай шаруа емес.

Ақырында, аз да болса еліміздің мемлекеттік мекемелері көбейсе тұрғындардың мүддесін күйттер,-деп сенат заң жобасын қабылдады.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу