Көктемгі егіс науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көктемгі егіс науқаны басталды

28.03.2019

Алматы облысы Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді елді мекенінің диқандары көктемгі егіс науқанын бастады. Биыл сәуірге жетпей, қар ерте еріп кеткендіктен, шаруалар техникасын сайлап, қазір егіс басында жүр.

Кеше Ақордада өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егіс жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін жергілікті атқарушы билікке тапсырма берді. Сондықтан, қазір еңбеккерлерге барынша қолайлы жағдай жасалып жатыр. Тілшіміз Алмат Әбдіраманның сюжеті.  

Аймақ диқандары наурыз айының алғашқы күндері-ақ жер жыртуға дайын еді. Алайда, «Көксу» қант зауыты былтырғы берешегін әбден кешіктірген. Тек бұған жергілікті әкімдік өкілдері араласқаннан кейін кәсіпорын шаруалар тапсырған өнімнің ақысын шашау шығармай, тиынына дейін санап берген. 

Думан Майлыханов, «Ақөзек» кооперативінің жетекшісі:

2018 жылы өңдеу өткізген тәтті түбірдің қаражаты дер кезінде берілмей кешіктіру болды. Сол қазір өз шешімін тапты. Сол шешімін тапқаннан кейін жанар-жағармай, тұқым барлығын алып жатырмыз қазір.

Шеңгелдінің шаруалары тәтті түбір мен соя сияқты майлы дақылды өсіруге ден қойып келеді. Оған қоса, қазір егіс басында ескі техника атымен жоқ. Себебі, лизинг жүйесі арқылы Қапшағай қаласындағы техника түгелдей жаңартылған. Тек дала еңбеккерлері тапсырыс берсе, жерін де игереді. 

Ақтанберді Қалқабай, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары:

Өздерінің ретімен шаруашылықтар тапсырыс берсе, солардың тапсырысы арқылы барлық жерді игеріп береді. Мұнда жерді жыртатын техника да, компакторлар да, сеялкалар да түгел жұмыс жасайды.

Өткен жылы диқандар 700 гектарға қант қызылшасын егіп, 14 мың тонна өнім жинаған. Ал, биыл...

Гүлжәмилә Бекиева, «Қант» сервистік даярлау орталығының басшысы:

Алматы облысы бойынша қант қызылшасының алқаптарының артуына байланысты, міне біз Қапшағай қаласына өз үлесімізді қосып, биылғы жылы 800 гектар жерге егетін болып отырмыз. Жылдан жылға көбейтіп жатырмыз.

Шеңгелді аумағында 8500 гектар - суармалы егістік, 74 мың - жайылымдық жерлер бар. Бастысы, шаруалар үшін егінді суару шешілмейтін мәселе емес. Себебі, суару жүйелері толыққанды жұмыс істеп тұр. Тағы да жаңа ұңғыма қазу ісі қызу жүріп жатыр.

Алмат ӘБДІРАМАН           

Хабарламаларға жазылу