Нұрсұлтан Назарбаев  – әлемдік ауқымдағы көшбасшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев  – әлемдік ауқымдағы көшбасшы

20.03.2019

Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған уақыт ішінде Республикамызды дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Еліміз 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынас орнатты. Осы уақыт арасында шетелдерде  Қазақстанның 57 елшілігі мен 31 дипломатиялық мекемесі ашылды. Осылайша, мемлекетіміз әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем елдерімен  қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған  дипломатиялық келіссөздері мен батыл шешімдері туралы тілшіміз Фариза Мұсақызы баяндайды.    

Фариза Мұсақызы, тілші:

- Қазақстанның сыртқы саясаттағы өрісі кең. Еліміздің әлемдегі ең ірі де беделді халықаралық саяси бірлестік - Біріккен Ұлттар ұйымына  мүше болған  27 жыл ішінде оның ең басты атқарушы саяси ұйымы - Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануы мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы басты жетістіктерінің бірі.

Қазақстанға Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу мүмкіндігі жайдан-жай беріле салған жоқ. Бұған Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған еліміздің халықаралық саясатта өз жолы, өз ұстанымы бар екені дәлел болды. Соның ең биік, мәртебелі дәлелі - Қазақстанның 2010 жылы Еуропа Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына  төрағалық етуі.

Сонымен қатар, еліміздің сыртқы саясаттағы қызметі Елбасының бітімгершілік бастамаларымен де танылуда. Сирия дағдарысын оңтайландыруға қатысты келіссөздердің Астанада ұйымдастырылуын ерекше атап өтуге болады. Әлем назарын аударған осынау келіссөздерге Астана алаң ұсына отырып, бейбітшіліктің шынайы жақтаушысы екенін паш етті.

Қазақстанның сыртқы саясатының келесі бағыты - Орталық Азия аймағындағы көршілер, бауырлас мемлекеттермен ынтымақтасу, әріптестік және бейбітшілік саясатын жүргізу. Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан мен Тәжікстан басшылары Қазақстанға сан мәрте ресми, бейресми сапарлармен келді. Әлемнің алпауыт елдерімен тереземіз тең, керегеміз кең тұратындай дәрежеге жеттік. Қазақстан АҚШ, Ресей, Қытай секілді төрткүл дүниенің ең беделді мемлекеттерімен аралас-құралас болып, өзара сенімді қарым-қатынас орнатты. Бұл да Нұрсұлтан Әбішұлының  арқасында жасалған сыртқы саясаттағы зор жетістіктеріміз.

 

Хабарламаларға жазылу