Әлем үшін Қазақстан мен Назарбаев - егіз ұғым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем үшін Қазақстан мен Назарбаев - егіз ұғым

30.11.2014
Әлем үшін Қазақстан мен Назарбаев - егіз ұғым

Әлбетте, тарихты тұлғалар жасайды. Ал, мемлекет сол тұлғаларды қадірлеу арқылы идеологиялық діңгегін бекемдейді. Қазақтың тарихында елі үшін туған ерлер көп.

Ту ұстаған батырларға, би-шешен, хан-қараманға кенде емеспіз. «Бастыны еңкейтсем, тізеліні бүктірсем», деген Күлтегіннен бертіндегі Алаш қайраткерлерін де алмағайып заманда тарихтың өзі тудырған еді.

1991 жыл да тап сондай алабұртқан шақ болатын. Келешегімізге күмәнмен қараушылар көп еді. Сүрлеуін тапқаннан гөрі сүрінуін тілейтіндер көп болды.

Жер көлемі жөнінен әлемде 9-орын алатын, шекарасы бекітілмеген, экономикасы тұралаған, төл валютасы жоқ, әскері аз, әлеуметтік жағдайы әлсіз елдің еңсе тіктеп, есін жинарына сол кезде ешкім сенбеді.

Тіпті КСРО-ның соңғы президенті Михаил Горбачев Қазақстанды басқаруға келмейтін аймақ деп қабылдаған.

Нұрсұлтан Назарбаев туралы Ресей мен Беларусь саясатшылары қандай пікірде?  

Қазақстан, Ресей, Беларусь. Үш елді тек географиялық орны жақын етіп тұрған жоқ. Үштіктің тізгіні бөлек болғанымен, тірлігі бір, бір-біріне тілектес әрі сенімді серіктес. Болашаққа бірге қарайды.

Кедендік одақты, кейін Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрды. Енді міне, Еуразиялық экономикалық одақтың тең құқылы мүшелері атанды. Соңғысының сәулетшісі - Нұрсұлтан Назарбаев.

Идея сонау 1994 жылы айтылды, арада 20 жыл өтсе де, өзектілігін жоймады, өміршеңдігін дәлелдеді.

Михаил Мясникович, Беларусь Республикасының премьер-министрі:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық идеясы экономикалық жемістердің бастамасы болады. 1994 жылдан бері біраз уақыт өтті. Осы жылдар ішінде Сіздің елдің басшысы сол идеяны жүзеге асыруға бағытталған батыл қадамдар жасап келеді. Неге Еуразиялық экономикалық одаққа Армения қосылғысы келеді? Түркия, Индонезия, Египет те кірмек ниетте. Қырғыз елі неге ынталы? Өйткені, одақ бәріне керек. Ешбір ел өзі жападан жалғыз дами алмайды. Әлем елдерімен, әсіресе, көрші мемлекеттермен бірлесе қимылдайды. Өйткені, татулық - берекенің кілті. Ал, береке - дамудың алтын діңгегі. Назарбаев ылғи осыны айтады. Оның бұл сөзі - көп елге үлгі.

Беларусь Республикасының премьер-министрі Михаил Мясникович «Нұрсұлтан Әбішұлымен 25 жылдан бері таныспыз» дейді.

Осы уақыттың арасында талай рет жүздесіпті. Айтуынша, Назарбаев – посткеңестік кеңістіктегі дара көшбасшы.

Михаил Мясникович, Беларусь Республикасының премьер-министрі:

Мені бір дүние ылғи ойландырады, таңғалдырады. Не дейсіз ғой? Қазақстан Президентінің барлық нәрсені алдын ала болжай алатындығы. 25-30 жылдан кейін әлем қалай дамитыны, қай арнаға бұрылатынын біле отырып, дұрыс қадамдар жасай алатындығы. Нұрсұлтан Назарбаев бір жағынан елдегі ішкі кішігірім мәселелерді жөнімен реттеп отырады, екінші жағынан ірі экономикалық реформаларды ұсынуды ұмытпайды. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Ол - сұңғыла саясаткер, көреген көшбасшы. Ол - Еуразиялық идеяның авторы. Ол - жаңа Астананың негізін қалаушы.

Игорь Шувалов  Нұрсұлтан Назарбаевты осылай таниды. Ресей премьер-министрінің орынбасары Қазақстан Президентінің 1994 жылы Ресейдің Мәскеу Мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінен ерекше әсер алғанын айтады.

Игорь Шувалов, Ресей Федерациясы премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Идея айтылғанына аз уақыт өтпеді. 20 жыл. Қазақ басшысының бастамасы сол кезде бірден қолға алынғанда, қазір туындап жатқан біраз түйткілдің алдын алар едік. Бұл - маңызы зор экономикалық одақ. Бәріміз енді түсініп жатырмыз. Ал, Назарбаев мұны алдын ала болжай білген.

«Мықты көшбасшы деген ұғым бар. Ол - алдымен халқының қамын ойлайтын адам. Енді болатын дүниені болмай тұрып біліп отыратын тұлға. Қаншама қиын-қыстау кезеңдерде, әлемдік дағдарыс кезінде экономика өшеді-ау деген мезеттерде, керісінше экономикалық әлеуетті өсіре алатын азамат.

Нұрсұлтан Назарбаев мықты көшбасшы ұғымына сай келетін қасиеттерге ие»,-дейді Игорь Шувалов.

Игорь Шувалов, Ресей Федерациясы премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Қазақстан - ТМД елдерінің ішіндегі біздің ең сенімді серіктесіміз. Даму жолына бәріміз куәміз. Кеңес шекпенінен шыққан мемлекеттердің бірде-біреуі 25 жылда жете алмаған жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстанды қазір әлем тез дамушы, экономикалық әлеуеті қуатты ел ретінде таниды әрі жарқын болашағы барын мойындайды. Ал, бұл жетістіктер әлбетте ең бірінші  елдің басшысына байланысты. Нұрсұлтан Назарбаев - қазақ халқының мақтанышы. Оның жүріп өткен жолын ешкім қайталай алмайды.

Елімізде соңғы 25 жылда жасалған ілкімді істерді, толағай табыстарды әлем - Нұрсұлтан есімімен тығыз байланыстырады. Шетелдік сарапшылардың ойы осыған саяды.

Олар үшін Қазақстан мен Назарбаев - егіз ұғым.

 

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу