Арқа жұрты да Амал мейрамын атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқа жұрты да Амал мейрамын атап өтті

14.03.2019

Иә, көрісу күні – бүкіл елге ортақ мерекеге айналып келеді. Кезінде ұмытылып барып, соңғы жылдары ғана ұлықталып жатқан бұл халықтық мереке осылайша қазір қайта жаңғырып жатқан жайы бар. Соның бір дәлелі қыстан қысылып шыққан Астана халқы да Амал мерекесінде қол алысып, төс қағыстырып, арқа-жарқа болды.   

Арқа жұрты да Амал мейрамын атап өтті. Әзірге кең көлемде емес. Дегенмен, ежелгі дәстүрді ел ағалары түлетті. Ал негізі 14 наурызды батыс қана емес 14 облыс айрықша тойлауы тиіс.

Көрісу – көшпелі халықтың өмір сүру салтына сіңісті дүние. Ұлтқа ортақ құндылық. Олай болса неге көбісі білмейді, тіпті естімеген де? Себебі қазақ талайлы тарихты бастан өткізді, көптеген этностың ортасында қалды. Бұл тілі мен діліне кері әсер еткені сөзсіз. 

Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Бұл кезінде, заманында жалпы қазақтың байтақ даласына ортақ болған. Кейінгі кезде бұл батыста ғана сақталып қалды. Менің қуанатыным, батыста бұл дәстүр ерекше ықыласпенен өтеді. Ал басқа өңірде бұл саябырси бастады. Неге? Мәселен, Арқаны орыс жайлады. Сосын кейін оның оңтүстік өңіріне де әсері, ықпалы қатты болды. Басқа ешқандай себебі жоқ. Бұл қазақты бөлетін мереке емес, қазақтың басын қосатын мереке.

Иә, Амал алты алаштың мерекесі. Оған халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының естеліктері дәлел. Кемеңгер бірде Шығыс Қазақстанға сапарлай барғанында 80 жастағы әже: «өзіңмен көрісуге келдім», депті. Сөйтіп, бала күні үй-үйді аралап үлкендермен қол алысып шығатынын жеткізген. Демек, көрісу көнеден бар. Амал таңы атысымен 40 үйге кіріп қол алысып, төс қағыстыру керек деген түсінік бар. Бұл қырықтың бірі Қыдыр дегеннен шығатын ізгі ниеттен туса керек. 

Оңайгүл Тұржан, ақын:

Түпкі негізінде той тойлап кету емес. Яғни, адамдардың арасындағы туыстық, бауырластық қатынастардың үзілмеуін, жіп үзілмеу керек. Мұның арғы жағында қазақтың өзінің бірлігін сақтау деген үлкен философиялық мәселе жатыр деп ойлаймын.

Жыл мезгілдерін жұлдызға қарап анықтаған жұрт көктемнің келуін қадым заманнан білген. Мысалы хамал – ескі парсыша Тоқты шоқ жұлдызының атауы. Яғни амал кіргенде Тоқты шоқ жұлдызы да туады екен. Бұдан өзге де ғылыми деректер жетерлік. Осы себепті ұлық мерекені бөліске салмай керісінше бірлікті бекемдеудің білгісі,-деп білген жөн.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу