Екібастұзда Startup академия ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда Startup академия ашылды

07.03.2019

Екібастұзда Startup академия ашылды. Жаңа мекеме жастар бастамаларын қолдау орталығымен бірлесіп жұмыс істейді. Яғни, кеншілер мен энергетиктер қаласы енді жастардан елде жоқ идеялар күтеді. Бір қызығы, Екібастұзда стартап жобаларын коммерцияландырып, нақты нарыққа шығуын қамтамасыз еткен жас кәсіпкерлер бар екен.

«Бөденені инкубаторлық әдіспен емес, табиғи түрде көбейткен пайдалы. Сонда еті де, жұмыртқасы да сапалы болады»,-дейді Евгения Шелудько. Ол екі баланың анасы. Кезінде базарда сатушы болған. Қазір бөдене бағып, көл-көсір табыс тауып отыр. Жұмыртқаны маринадтап, «Startup «Bolashak» бағдарламасы бойынша грант алды.

Евгения Шелудько, жас кәсіпкер:

- Бұл Қазақстан үшін ноу-хау. Әзірге Еуропа мен Америка нарығында ғана бар. Қазақстанда әзірше біз біріншіміз. Бөдене жұмыртқасын қақтап, маринадтаймыз. Өткір дәмді, тәттілеу және көк жапырақ қосып, үш түрі дайындалады. Астана, Павалодар, Екібастұз қалаларында сұраныс өте жоғары.

Ал, Мәдина Түсіпова сүттен тоғыз түрлі ұлттық тағам дайындайды. Жеңсік асқа сұраныс күшті. Себебі қазақ аспаздығына ғана тән ежелгі технологиямен жасап жатыр. Мәселен, бұл бойжеткен балқаймақ, кілегей, сүзбені ерекше дәмді етіп жасайды. Ал, бауырсақты тек қана тортасынан айырған майға пісіреді екен.

Мәдина Түсіпова, студент:

- Мен пісіретін тағамдардың тапсырысқа ие болғаны әжемнен қалған құпия рецептің арқасы. Өздеріңіз білесіздер тоң майға піскен бауырсақ пен күнбағыс майына піскен бауырсақтың дәмі бөлек келеді.

Жаңадан ашылған Startup академияда ұсынылған жобалар туризм, демалыс, көлік, өндіріс салаларын қамтиды. «Олардың барлығы инновациялық болуы шарт емес»,-дейді жергілкті әкімдіктегілер. Қарапайым мысал, қазір Екібастұзда қызмет көрсету секторы стартап жобаларды іске асыруға жайлы болып тұр. Әсел Мырзағалиқызы мектепке дейінгі оқу-даярлау орталығын ашты.

Әсел Жақыпбаева, оқу-даярлау орталығының директоры:

- Бұл орталықта көбінесе қазақ тіліне және ағылшын тіліне басымдылық береміз. Биылдан бастап француз тілін енгіздік.

Өткен жылы аймақта 400-ге жуық жоба стартап байқауына қатысқан екен. «Саннан сапа туындайды. Сондықтан көп жобаның ішінен бір жоба табыс әкеліп жатса, ол да нәтиже»,-дейді Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов. Бастысы жастардың бизнес бастамаларына қаржылық қолдау бар.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу