«Нұр Отан»  Президенттің съезде жүктеген міндеттерін орындауға кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан»  Президенттің съезде жүктеген міндеттерін орындауға кірісті

06.03.2019

Мақсат – айқын, міндет – зор. «Нұр Отан» партиясының жер-жердегі филиалдары Мемлекет басшысының тапсырмаларын тыңғылықты орындауға қызу кіріскен. Нұрсұлтан Назарбаев  Партияның XVIII съезінде әлеуметтік саясатты одан әрі жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталып, оны іске асыруға партияның белсенді атсалысуын қадап айтқан болатын. Осы ретте жер-жерде көпбалалы аналарға қолайлы жағдай жасайтын жұмыстар басталған. 

Атырауда көпбалалы аналардың тізімі түзілді. Оның саны 12 мың. Енді осы отбасылар электрондық жүйеге негізделген әлеуметтік картаға енгізілмек. Карта – күнкөрісі төмен, айлығы шайлығына жетпейтін отбасылардың әлеуметтің мәселелерін шешуді көздеп отыр. Әсіресе, көптің «бас ауруына» айналған баспана мәселесі бірінші орында.

Гүлмира Шәкірова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

- Үкіметтен үлкен жол картасы жасақталып жатыр. Жол картасы бекітілгеннен кейін атаулы әлеуметтік көмектердің механизмі бекітіледі. Осы барлық жұмыстар 1 шілдеден басталады деп күтіп отырмыз.

Ақтөбедегі көпбалалы ата-аналар да үйлі-күйлі болады. Өңірдегі «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жыл сайын 1 мың отбасыға пәтер беру жоспарда бар. Баспана көпбалалы отбасылардан бөлек, биыл жетім балалар, жастар және толық емес отбасы санатындағы адамдарға да ерілмек. Ал, кәсіп ашамын дегендерге 200 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр.

 

Қайрат Отаров, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- «2018 жылы біз 2083 көпбалалы отбасыға әлеуметтік жәрдем төлеген болатынбыз. Оған біз 717 миллион теңге  қаражат жұмсадық. Қазіргі кезде соңғы өзгерістерге байланысты алушылардың саны өседі деп болжап отырмыз. 2019 жылы 29 000 адамдай аз қамтылған, көпбалалы отбасы келеді деген тұжырымымыз бар.

Ал, алматылық «нұротандықтар» білім мәселесіне басымдық берді. Жиналғандардың айтуынша, кез келген маман бакалавр, магистр деңгейімен шектелмей үздіксіз ізденісте болуы шарт. Ол үшін қазір елімізде немесе шет елдерде барлық жағдай бар. Әсіресе, медицина саласының мамандары білімін тәжірибемен ұштастырып, жаңа технологияны игерулері керек. Себебі, олар еліміздің ең құнды қазынасы саналатын адамның денсаулығына жауапты. 

Рахман Алшанұлы, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты:

- Біз бакалаврға көңіл бөліп жатырмыз. Кореяның өзінде 59 мың PhD маманын дайындайды екен. Халқы 48 млн. Сонда бізден үш есе артық. Бізде бар болғаны 2000-ға жетеді. Бізді олармен салыстыратын болса 20 мың болу керек. Жаңалықты кім әкеледі? Бакалавр жасай алмайды. Магистрлердің қолдарынан келмейді. Ал, оқыған, ізденісте жүрген PhD докторларының қолдарынан келеді.   

Ел саясатының басымдығы – қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту. Ал, партия міндеті – халықтың күнделікті мәселелерін шешу ісіне белсенді атсалысу.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу