Қалың қар Ақтөбе облысының жұртын әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қалың қар Ақтөбе облысының жұртын әбігерге салды

05.03.2019

Ақтөбеге нағыз қыс енді келді. Соңғы екі тәулікте боранның салдарынан бірнеше жол жабылды. Көлігімен далада қалған 20 адам құтқарылған. Қалың қардың зардабын қала тұрғындары да тартуда. Мәселен, облыс орталығына қарасты Рауан елді мекенінің халқы жұмысқа, сабаққа бара алмай жатқандарын айтып, арызданды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұл жерде 400-ге жуық үй бар. Тұрғындар биылдыққа жолдың бір-ақ рет тазартылғанын айтады. Ал, соңғы бораннан кейін көбі көліктерімен ауладан шыға алмай қалған.

Елді мекен аумағына кіретін бір ғана жол бар. Ал, шеткері тұратындардың күндегі тірлігі - осы. Үлкен жолға шығу үшін бір-бірінің көлігін сүйреп, әуреге түседі. Тұрғындар қалың қармен қыстай арпалысып келе жатқандарын айтады. Ал, көктем мен күзде ми батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес.

Тұрғындар жолдың тазартылмауы қордаланған мәселеміздің бірі ғана дейді. Ауыл ішіне жарық орнатылмағандықтан, түнде далада жүру мүмкін емес. Соңғы кезде ұрлық-қарлық көбейген.

Күзембай Қасенов, ауыл тұрғыны:

- Осыдан 2-3 жыл бұрын жиі аршитын еді. Биыл мен бір-ақ рет көрдім. Аршуды қойды.

Амандық Ембергенов, ауыл тұрғыны:

- Көшелерде айнала жол жоқ. Боран болған күндері үйімізге жету қиын. Көліктер батып, жете алмаймыз.

Қала әкімдігіндегілер ауылдықтардың мәселесімен таныс екенін жеткізді. Олар көшелерді қардан тазартуға тез арада көлік жіберуге уәде берді. Ал, шеткері көшелерге тас жол төсеу мәселесі енді қаралмақ.

Руслан Төреғали, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілі:

- Бізде Рауанда қосымша тағы жұмыс жобасы дайындалды жол құрылысына.

Ақтөбеліктер осылайша екі күннен бері қыстай болмаған боранның зардабын тартуда. Мамандар қаланы қардан тазарту жұмыстарына бар техниканы жұмылдырып, тәулік бойы жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу